Шымкентте оқушылар әлемнің түрлі жемісін жылыжайда өсіреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте оқушылар әлемнің түрлі жемісін жылыжайда өсіреді

18.11.2023

Шымкенттік мектеп оқушылары жер шарының түрлі белдеуінде өсетін жеміс пен көкөністі, гүл мен ағаштарды жерсіндіріп, жылыжайда өсіріп жатыр. Олар өскіндерді тек күтіп-баптап қана қоймай генетика мен биотехнология, IT саласының жетістіктерін пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кіріскен.

10 сыныпта оқитын Нұрлыбек Қошқаров екі жылдан бері жылыжайда тропикалық жемістің бірнеше түрін өсіруде. Қазір мұнда цитрус жемістерден бастап лавр, ананас және киви көшеттері жайқалып тұр. ІТ саласын жетік меңгерген шәкірт ылғалдандыру, жарықтандыру, жасанды тұман түзу сияқты күтіп баптау жұмыстарын автоматты жүйемен басқаратын етіп алған.

 Нұрлыбек Қошқаров, мектеп оқушысы:

Біз өзіміздің жұмысымыздың 50% қолмен істесек, қалғанын технология арқылы істейміз. Егер норма өз қалпынан түсіп немес жоғарыласа барлығы автоматты түрге ауысады.

 Пирамида пішіндес жылыжай іші үш аймаққа бөлінген. Субтропикалық белдеудің іші 4 пен 20 градус аралығында жылы. Мұнда анар, құрма, інжір, бадам ағаштары бүршік жарып келеді. Сондай-ақ қоңыржай климатта аквапоника тәсілімен егілген көкөністердің тамыры жалаң күйде сумен өсіп-өнуде.

Қазына Рүстемова, мектеп оқушысы:

Біз үнемі осы жерге келіп, экспериметтер жасаймыз. Соның арқасында түрлі көкөністердің құрылымын, құрылысын білеміз. Оларда қандай дәрумендер бар екенін барлығын толықтай біле аламыз.

 Мектептің биологиялық зертханасында қазір 800 түрлі өсімдік жайқалып тұр. Шәкірттер мен ұстаздар бірлесіп 100-ге жуық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген.

Әсия Нарымбетова, мектеп директорының орынбасары:

Зерттей келе будандастыру арқылы жаңа сорттарын шығаруға әрекет жасап жатыр.Селекциямен айналысады оқушыларымыз. Көптеген тропикалық өсімдіктерді Қазақстан жерінде қалай өсіру жолдарын таптық.

Бүгінгі таңда Шымкенттегі 16 мектептің жанында осындай жылыжайлар жұмыс істейді. Өткен оқу жылында балалардың 5 үздік жобасы республикалық байқауда жүлделі орын алған. Оқу пәндерінен алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру өрендердің мектеп қабырғасында кәсіп игеріп шығуына негіз болмақ.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу