Қазақстан Еуропа чемпионатына бір қадам жақындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Еуропа чемпионатына бір қадам жақындады

18.11.2023

Тағы да жеңіс! Кеше футболдан ұлттық құрама өз алаңында Сан-Мариноны қабылдап, кезекті үш ұпайды қоржынға салды. Осылайша Еуропа чемпионатына тағы бір қадам жақындай түстік. Жеңісті ойынға әріптесім Шерхан Жамбылұлы шолу жасайды.

Үмітін үкілеген, көк туды желбіреткен көпшілік кеше стадионға ағылды. Қалың қараша ұлттық құраманы қолдауға асық.

Ұлттық нақышта сәнденіп келу де дәстүрге айналғандай. Маңызды ойынға мүмкіндігі шектеулі азаматтар да келіп, қолдау көрсетті.

Ардақ Отарбаев, «Дос» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

 «Астана-Арена» лық толды. Команданы қолдауға Мемлекет басшысы да арнайы келді. Жанкүйерлер жігіттерді жігерлендіріп, алға жетеледі. Адиев шәкірттері алғашқы минуттардан бастап ойын тізгінін қолға алды.

19-минутта Ислам Чесноков қақпашы қайтарған допты тоқтатып, сол аяқпен тоғыздыққа қарай топ еткізді.

Бірінші тайм соңына қарай Александр Зуев 16 метрлік сызықтан жойқын соққы жасады. Қақпашы командасын құтқарды.

Үзілістен кейін Чесноков тағы да көзге түсті. Бұл жолы төменгі бұрышты дәл көздеді. 2:0

58-минутта капитан Бейсебеков қауіпті соққы жасады.

Ал 60-минутта Сан-Марино ойыншысы Симоне Франчози есеп айырмасын қысқартты.

Осыдан кейін Магомед Адиев бірнеше ойыншыны алмастырды. Алаң иелері алға ұмтылды. 90-минутта қарсыластар Арман Кеңесовті айып алаңында құлатты. Пенальти. 11 метрге Абат Айымбетов жақындады

3:1. Сенімді жеңіс. Кәрі құрлықтағы Қазақстан жорығы әрі қарай жалғасады.

Ойынды көпшілікпен бірге тамашалаған Президент кішкентай жанкүйерге шарфын сыйлады

Ал жастар мен белсенділер бірден стадиондағы қоқысты жинап, жоғары мәдениетін көрсетті.

Матч аяқталғаннан кейін де ойыншылар мен жанкүйерлер бір толқында.

 Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Кезекті жеңіс. Кезекті үш ұпай. Ұлттық құрама осылайша Еуропа чемпионатына тағы бір қадам жақындай түсті. Енді алда бір ғана ойын қалды. 20 қараша күні біздің жігіттер Словенияға қонаққа барады. Жеңісті жол жалғасып, Германияға жолдама аламыз деген үміттеміз.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу