Орталық Азия елдері әйелдер диалогының делегациясы Брюссельде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық Азия елдері әйелдер диалогының делегациясы Брюссельде

17.11.2023

Орталық Азия елдері әйелдер диалогының делегациясы Брюссельде Еуропалық Одақтың озық тәжірибесімен танысуда. 2020-жылы БҰҰ бастамасымен құрылған диалогқа биыл Қазақстан төрағалық етеді. Аймаққа мүше бес мемлекеттің белсенді әйелдерінен құралған диалог мүшелері Еуропалық парламент, Еуропалық комиссия және қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесті. Жиында, әйелдердің климаттың өзгеруі сынды жаһандық проблемаларды шешуге ат салысуы, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі сөз болды. Бұрымдылардың экономикалық жағдайы, олардың құқықтарын кеңейту де қызу талқыланды. Сондай-ақ, ЕуроОдақ пен Орталық Азия өкілдері гендерлік теңдік, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған шаралар бойынша өзара пікір алмасты.

Андрис Америкс, Еуропалық Парламенттің Депутаты:

Еуропарламентте президент, комитеттің төрағасы, партия жетекшісі болсын, барлығы, яғни 705 депутат бірдей жалақы алады. Дегенмен, ЕуроОдақта жеке кәсіпкерлікте әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда 15 пайызға төмен. Осы сынды мәселелерді Орталық Азиядан келген делегация өкілдерімен қызу талқыладық.

Дәния Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының Орынбасары

Қазір Қазақстан парламенті әйелдерге зорлық-зомбылық көрсеткендерге жауапкершілікті күшейту туралы заң жобасын әзірлеуде. Соңғы оқиғалар жазаны қатайту қажеттігін көрсетті. Жаңа заң бойынша әкімшілік, құқықтық жазаға тарту және зорлық-зомбылық үшін жазаны өтеу мөлшерін көбейтуіміз керек. Осы ретте бізге ЕуроОдақтың тәжірибесін игеру өте маңызды.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу