Елдегі ұялы байланыс операторларына 2,5 млрд теңгеге айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі ұялы байланыс операторларына 2,5 млрд теңгеге айыппұл салынды

17.11.2023

Жыл басынан бері елдегі ұялы байланыс операторларына 2,5 млрд теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басқарма басшысы Олжас Кәбенов мәлім етті. Былтыр 1 175 тексерістен кейін 1 млрд 670 миллион теңге айыппұл салынса, биыл 677 тексеріс қорытындысы бойынша ұялы байланыс операторлары 2 млрд 570 миллион теңге айыппұл арқалап отыр. Сондай-ақ ол елді-мекендер арасындағы цифрлық теңсіздікті жою мақсатында жуық арада 3 мың ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылатынын айтты. Қазақстанда 1,5 жуық ауыл, 3 G мен 4 G мобильді интернет байланысымен қамтылмағанын айта кетейік.

Күре жолдарда интернет сапасы артады

Ведомство өкілі сонымен қатар ел ішіндегі күре жолдарда қашан сапалы Интернет байланысы пайда болатынын да атап өтті. Жол бойында интернеттің базалық станцияларын орнату ісі келер жылға жоспарланған. Мемлекет антенна бағандарын салуды өз мойнына алады. Ал байланыс операторлары жол бойында орналасқан қолданыстағы базалық станцияларды жаңартады. Бұған республикалық және жергілікті бюджеттен 61 млрд, ал ұялы байланыс операторлары тарабынан 30 млрд теңге бөлінеді.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу