Шығыстағы Қалбатау-Майқапшағай бағытындағы автокөлік жолын салып жатқан мердігер компанияға айыппұл салынды. Республикалық маңызға ие бұл бағыттың құрылысы 2016 жылы басталып,биыл толық пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда мердігер мекеме бүгінге дейін жалпы жұмыстың 40 пайызын ғана істеген. Шығыс Қазақстан облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мамандары кезектен тыс тексеру жүргізіп бірқатар кемшілікті анықтады. Тіпті жолдың кейбір бөліктері жобадан ауытқып кеткен.
Анықталған кемшілікті түзетпегені үшін мердігер мекеме әкімшілік кодекстің екі бабымен жауапкершілікке тартылып, 3 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалаған. Алайда, мердігер компания басшылығы құрылыс инспекторлары салған айыппұлмен келіспей, экономикалық сотқа шағымданған. Ал Өскемен қалалық ауданаралық экономикалық соты алғашқы шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Олжас Керейхан