Ертең футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Сан-Марино құрамасымен кездеседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Сан-Марино құрамасымен кездеседі

16.11.2023

«Бізге керегі тек жеңіс». Футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев ертеңгі ойынға қатысты пікірімен бөлісті. Қазақстан құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Команда көшбасшылары Асхат Тағыберген мен Бахтиер Зайнутдинов жарақатқа байланысты ойынға қатыса алмайды. Алайда олар командамен бірге болып, алдағы матчтарда әріптестеріне қолдау көрсетпек.

Ұлттық құрама жаттығу жұмыстарын ойдағыдай өткізіп жатыр. Бас бапкердің сөзінше, жарақат пен ескерту қағаздарына байланысты негізгі құрамда өзгеріс болуы мүмкін.

Жалпы Қазақстан іріктеу турнирінің 8 ойынынан кейін 15 ұпай еншілеп, өз тобында үшінші орында келеді. Ертеңгі матчтан кейін жерлестеріміз 21 қараша күні Словения құрамасына қонаққа барады. Екі ойында жеңіске жетсе, ұлттық құрама Еуро-2024 додасына өтуі бек мүмкін.

Магомед Адиев, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

Менің көзқарасым бәріне белгілі. Бізде нақты бір көшбасшы жоқ. Бізде тұтас ұжым көшбасшы. Мен командалық бапкермін. Ешқандай Адиевтің феномені жоқ. Қазақстан командасының феномені бар. Біз жұдырықтай жұмыла білсек, мықтымыз. Құрамада өзгерістер бар. Оны ертең алаңнан көресіздер.

Ойын ертең «Астана-Арена» стадионында кешкі сағат 21:00-де басталады. Кездесуді Qazaqstan және Qazsport арналарынан тікелей эфирде көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу