Елімізде отандық сүт өнімдеріне сұраныс азайып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде отандық сүт өнімдеріне сұраныс азайып барады

15.11.2023

Елімізде отандық сүт өнімдеріне сұраныс азайып барады. Себебі, нарықты шетелден әкелінетін арзан тауарлар жаулап алған. Салдарынан кәсіпкерлер дайын өнімді сата алмай отыр. Мәселен, Ақмола облысында жыл он екі ай мал соңында жүрген ауыл тұрғындары сауғандарын қайда өткізерін білмей дал. Өйткені, өңірде оны қабылдау бағасы бірден 30 пайызға арзандап кеткен. 

Қарабауыр ауылының тұрғыны Гауһар Жарқымбекованың күнделікті тірлігі осы. Жыл он екі ай мал бағып, ағарғанын сатып күнелтеді. Шаруа осыдан төрт жыл бұрын қорадағы елу сиырын Еуропадан әкелген. Ол үшін миллиондаған несие де алыпты. Малдың қоңы жақсы, сүті де мол. Бірақ, шаруа өнімді өткізе алмай отыр.

Гаухар Жарқымбекова, шаруа:

Мына сүт, міне, 800 литрдей жиналған сүт. Не істейміз енді мынаны? Төгеміз. Бәрін төгіп тастау керек енді. Ашып кетті, іріп кетті бәрі.

Қазір өңірде он төрт сүт зауыты жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары оларға сауғандарын тонналап әкеліп жатыр. Алайда, көбі оны арзан бағада өткізсе, кейбірі мүлдем тапсыра алмай әлек.

Ұмсындық Наурызбаева тілші:

Ауыл тұрғындары сауғандарын сүт таситын жүк көліктері арқылы жөнелтеді. Кейін бұл жерде оның сапасы тексеріліп, өндеуге жіберіледі. Мәселен, дәл осындай қабылдау пунктіне күніне 80 тоннадай сүт тапсырылады.

Осыған дейін шаруалар сүттің бір литрін 200-220 теңгеден өткізсе, қазір 150-160 теңгеден асар аспас. Зауыттағылар бұған отандық сүт өнімдеріне сұраныстың азаюы себеп,-дейді. Өйткені, қазір нарықты сырттан келген арзан тауар жаулап алған. Таңдау көп, бәсекелестік бар. Бірақ, бұл қарапайым шаруаға қолбайлау болып тұр.

Ерсайын Жақсылықов, сүт зауытының директоры:

Қазір бәсекелестік тым жоғары. Шетелден әкелінген өнімдер арзан бағада сатылып жатыр. Салдарынан оларды таңдайтындар да көп. Ал біздің өнім өтпейді. Ауыл тұрғындары әкеліп жатқан сүттің көлемін азайтпай, алуға тырысып жатырмыз. Бірақ, барлығымен бірдей жұмыс істей алмаймыз.

Былтыр Ақмола облысына жеткізілген сүт өнімдерінің импорты 4,8 миллион доллар болса, биыл сегіз айда 3 миллион долларға жуықтаған. 75 пайызы Ресей өнімі. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Ал жауаптылар оған тоқтау қоя алмаймыз,-дейді.

Уәлихан Ескендіров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Біз шетелден әкелінетін тауарларды азайтып, импортты шектей алмаймыз. Бірақ, отандық өнімдердің көлемін арттырып, бәсекеге қабілетті ету үшін қолымыздан келгенін істеп жатырмыз. Қазір мемлекеттік қолдау шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алатын кәсіпорындардың шығынын субсидиялау бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл оның аясында 1,8 миллиард теңге бөлінді.

Ал кәсіпкерлер сырттан тауар тасуды доғармасақ, азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қауіп төнуі мүмкін екенін айтады.


Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу