Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндері өтті

15.11.2023

Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндері өтті. Айтулы шараға өңірдегі аудандарда тұратын қазақтар да белсенді қатысты. Өнер колледжінің сахнасында «Жаңа ұрпақ», «Мұра», «Гүлдер» шығармашылық ұжымдары мың бұрала билеп, әуезді ән әуелетті. Ал ұлттық қолөнер шерберлері арнайы көрме ұйымдастырды.

Ұлттық болмысты сақтап, дәстүрді дәріптеп жүргендердің бірі- Сәулеман Нұркина. Ол 10 жылдан астам Түмен қаласында тұрады. Сол уақыттан бері құрақ-көрпе, кестелу сияқты өнерімен кәсібін өрге домалатып отыр.

Сәулеман Нұркина, қала тұрғыны:

Біз қазақтың мәдениетін, қолөнерін жалғастырудамыз. Осы жерде қолымыздан келгенше өзіміз тігіп, қызығушылық білдірген адамдарға да, қыз-келіншектерге де көрсетеміз, оқытамыз. Қазақ өнеріне сұраныс өте жоғары.Қазақтың мәдениеті жақсы дамыған біз жақта.

Жалпы Түмен облысында 150-ден астам ұлт өкілі тұрады. Мұнда соңғы жылдары қазақтардың саны үш есе өскен. Яғни, 18 мыңнан 39 мың адамға жетті. Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ыбыраев қандастарымыздың тарихи Отанымен үнемі байланыста екенін айтады.

Есенғали Ыбыраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы:

Жыл сайын Түмендегі қазақтардың саны өсуде. Бұл ішкі миграцияның әсері шығар. Осында тұратын қандастар тату-тәтті өмір сүруде. Әрқашан дәстүрді сақтап, оны өскелең ұрпақтың бойына сініріп келеміз. Біз дәстүрлі түрде Түмен қазақтарының құрылтайы, Наурыз сияқты ұлттық мерекелерді өткізіп тұрамыз.

Роман Малыгин, Ұлт істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

Түмен облысында тұратын қазақтар барлық салада белсенді. Балалар қазақ тілін үйреніп, ана тілін терең меңгеруге құлшыныс танытады. Бұл қуанарлық жағдай. Қазақ халқы өз салтын сақтап, дәріптеп жүреді. Біз Түмен облысындағ ы қазақ автономиясымен де тығыз жұмыс істейміз.

Қазақ мәдениетінің күндері Түменде 10 жыл бойы өтеді. Бұл жолы да мерекеге тек облыс орталығы емес, шалғай аудан, ауылдардан келген қандастар көп. Концерттік бағдарламада халықтар достығы насихатталып, ұлттық өнер сусындады. Мың бұрала билеген жас бишілер мен әуезді ән әуелеткен әншілер мерекенің көркін келтірді.

Сонымен қатар, қазақ суретшілерінің пленэрлік жұмыстарының көрмесі ұсынылды. Экспозиция көптің көңілінен шықты. Алыстағы ағайынды жақындастырып, ауызбіршілікті арттыратын мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу