Тергеушінің бір күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тергеушінің бір күні

11.11.2023

Еліміздің Ішкі істер министрлігі жыл сайын «Погонды журналист» жобасын ұйымдастырып тұрады. Оған қатысқан БАҚ өкілдері бір күн мамандығын ауыстырып, тәртіп сақшысы болып қызмет етеді. Осы жобаға қатысқан біздің Түркістан облысындағы меншікті тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы полиция қызметкерлерімен бірге бір күн бойы тергеуші болып көрді.

Жұрт көзінен тасада жүріп, түрлі қылмысты ашатын тергеушілердің жұмыс күні таңмен таласа басталады. Тергеушілер алдымен басшылықтан тапсырма алып, бір күндік жұмысын жоспарлаудан бастайды.

Адам өлтіру, зорлық-зомбылық, ірі көлемдегі жемқорлық сияқты ауыр қылмыстар мен кішігірім ұрлық-қарлық, төбелес сынды істердің ақ-қарасын ашу тергеушілерге оңайға соқпайды. Тергеп-тексеру шаралары арқылы тірнектеп дәлел жинайды.

Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:

Тергеушіге қазіргі дамыған заманда жан жақтылық керек. Тек күдіктіден жауап алып қана қоймай, оның физикалық дайындығы, тапаншаны жетік меңгеруі тиіс. Мәселен мұндай жаттығуға тергеушілер айына екі рет келіп тұрады.

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Нұрсұлтан Күлбаевтың ішкі істер саласында қызмет атқарып жатқанына 13 жылдан асқан. Бастапқыда жасөспірімдердің ісін қарайтын инспектор, учаскелік полицей болып тәжірибе жинаған ол қазір аса ауыр істерді қарайтын тергеуші қызметін атқарып жүр.

Нұрсұлтан Күлбаев, тергеуші:

Көбіне Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының азаматтары есірткі заттарын алып өтеді. Олар шекара қызметінің арнайы иттерімен ұсталады. Содан кейін бізге хабарлама береді. Біздің жедел тергеу тобы шығып, басына барып, айғақты зат ретінде тәркілеп, осы жерге алып келеміз.

Полиция бөліміне жеткізілген күдіктіден міндетті түрде саусақ іздері алынып, мәліметтер жинақталады. Жауапты істі криминалист маман атқарады.

Тергеушілерге қылмысты ашу кезінде әр түрлі күдіктілер кездеседі. Жасаған қылмысын оңайлықпен айта қоймайтын сезіктілер түрлі қулықтарға бой алдырады дейді. Ал кейбір күдіктілермен сөйлесу үшін аудармашылар мен арнайы мамандар шақыртуға тура келеді екен.

Әбдухамит Әшірбаев, тергеуші:

Бірінші күні мойындаған жауабын кейін мойындамайды. Сотқа барса, мүлде мойындамайды. Сол себепті қазіргі таңда сараптамалар бізге өзінің көп көмегін береді.

Қылмыскерлер уақыт талғамайтындықтан, тәртіп сақшылары да уақытпен санаспай жұмыс істейді. Мереке мен демалыс күндері де бұл мамандық иелері қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етеді. Себебі шұғыл және тосын жағдайлардың орын алуына байланысты кез келген уақытта жұмысқа шақырылуы мүмкін. Ондай кезде дереу қызмет орнынан табылып, жүктелген тапсырманы орындауға міндетті.

Айнұр ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ

тергеуші погонды журналист тергеу ісі тәртіп сақшылары түркістан облысы

Хабарламаларға жазылу