Алматыда 1000-нан астам пәтері бар екі бірдей тұрғын үй кешенінің тұрғындары баспанасыз қаламыз деп дабыл қағуда. Оған іргелес жүріп жатқан құрылыс себеп екенін өздері айтады. Қабырғаларына жарықтар түсіп, сыр бере бастаған бұқара арнамыздан көмек сұрады. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Міне, қаланың қақ ортасында 2 гектар жер қазылып жатыр. Салдарынан іргелес орналасқан екі бірдей тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан маза кеткен. Өйткені, олардың баспанасы мен құрылыс жүріп жатқан участкенің арақашықтығы тым қысқа.
Мына «12 ай» деп аталатын тұрғын үй кешені мен қазылып жатқан участкенің арасын 5 метр бөліп тұр. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жүріп жатқан аумақтағы жерді тегістейтін техниканың дірілінен ыдыс-аяқ сылдырлап, қабырғаларға жарық түсе бастаған.
Индира Әбдіғаппарова бұл пәтерді осыдан үш жыл бұрын ипотекаға сатып алған. Енді ол баспанам тұруға жарамай қала ма деп алаңдаулы.
Индира Әбдіғаппарова, қала тұрғыны:
Мына жарық ана жақтан басталып, мына жақтан өтіп жатыр. Мен қорқамын, себебі бұл екінші қабаттағы пәтер. Мынау балалардың бөлмесі. Мына жарықтарға қарап қорқа бастадым.
Дәл осындай қорқыныш 2000-ға жуық пәтер иелерінің басында бар.
Елена Метанова, қала тұрғыны:
Біз бұл мәселемен тиісті мекемелерге шағымдандық. Олар тексеріс жүргізіледі, уақытша құрылыс жұмыстары тоқтатылады деп еді. Бірақ, көріп тұрғандарыңыздай шұңқырда шаруа қызу жүріп жатыр. Бұл құрылысты заңсыз деп есептейміз. Тағы бір мәселе жаңа үйлер салынатын болса бізге өрт сөндіру, жедел жәрдем көліктері кіріп шыға алмай қалады.
Жаңа үйлердің құрылысымен дәл осы «12 ай» тұрғын үй кешенін салған Qazaq Stroy компаниясы айналысып жатыр. Мердігер қолымызда барлық құжаттар бар, құрылысты тоқтатпаймыз дейді.
Ізбасар Алтынбекұлы, құрылыс компаниясының өкілі:
Алмалы ауданының әкімдігі, Қала құрылысын бақылау басқармасы келіп тексерді. Рұқсат қағазымыз бар. Арақашықтық сақталмаған деді. Оның бәрін көрсетіп, дәлелдеп бердік. Мен уақытында салуым керек. Жобаға сай бәрін бітіруім керек. Жұмысты тоқтатпаймын. Бүкіл рұқсат қағазым бар. Сол бойынша жұмысты жүргізе беремін.
Тексеріс жұмыстарының қорытындысы әлі шықпаған. Ал Qazaq Stroy құрылыс компаниясының өкілдері екі жақтағы тұрғын үйлермен арадағы қашықтықты 12 метрге дейін ұзартамыз деп уәде берді. Тұрғындарға тағы бір жыл шыдай тұруға өтініш жасады.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕС