Газада гуманитарлық үзіліс жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газада гуманитарлық үзіліс жарияланды

10.11.2023

Израиль Газа секторында күн сайын 4 сағаттық гуманитарлық үзіліс жариялауға келісті. Бұл уақытта бейбіт тұрғындар анклавтың солтүстігінен оңтүстігіне көше алады. Алайда сектор аумағын шабуылдау әзірге тоқтайтын түрі жоқ. Израиль Хамас кепілге алған азаматтар босағанда ғана оқ атуды доғаратынын ескертіп отыр.

Бүгіннен бастап Израиль армиясы Газа секторының солтүстігінде күніне 4-сағаттық гуманитарлық үзіліс жариялап отырады. Бұл уақытта бейбіт тұрғындар қауіпті аудандардан кетуге мүмкіндік алады. Ақ үй әкімшілігінің мәлімдеуінше, Израиль үзіліс кезінде әскери операция жүргізбеуге уәде берген. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар Газада оқ атуды шұғыл тоқтатуды талап етіп жатыр.

Жан Франсуа, Үкіметтік емес ұйымның вице-президенті:

Газада бейбіт тұрғындар қырылып жатыр. Олардың өліміне ауыр жарақаттар, құлаған ғимараттар, өткір және созылмалы аурулар, дәрі-дәрмек, ауруды басатын дәрілердің жоқтығы себеп. Газа іс жүзінде ашық аспан астындағы ірі зиратқа айналды.

Қазанның 7-нен бері жарылыстардан көз ашпай отырған палестиналық анклавты Израиль күн сайын шабуылдап жатыр. Бүгін бомбалар үш бірдей ауруханаға, олардың айналасына түскен. Израиль бұл ғимараттардың астында хамас қарулы тобының туннельдері бар деп есептейді.

Йоав Галант, Израиль қорғаныс министрі:

Әл-Шифа ауруханасының астындағы жертөлелерде жасырынған лаңкестер танк шынжырларының, бульдозерлердің дыбысын естіп, қорқыныштан дірілдейді. Бұл күндері ЦАХАЛ олардың туннелдерін жою үшін жаңа тәсілдерді қолдана бастайды.

Онсыз да күйзеліске ұшыраған денсаулық сақтау жүйесіне ауыр салмақ түсті. Ауруханаларға электр қуатын беретін генераторларға отын тапшы. Медициналық жабдық, таза су, дәрі жетіспейді. Дәрігерлер процедураларды анестезиясыз жасауға мәжбүр.

Рияд Әд-Дайа, Газа тұрғыны:

Әке ретінде қызымның былай қатты жылағанын көрген емеспін. Мұны естіп, жүрегім қан жылап тұр. Ауыруды сезінгесін, есінен танып, тіптен өліп кете ме деп қорықтым. Бұл кішігірім операция ғой.

Бұл соғыс қазанның 7-де басталды. Содан бері палестиналық анклавта Израильдің әуе соққыларынан 10800 бейбіт тұрғын мерт болды. Олардың 40 пайызы – бала. Израиль Хамастың кепіліндегі 240 азамат босатылғанда ғана Газа секторын шабуылдауды тоқтататынын мәлімдеді.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу