Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасы өз мәресіне жетті. Бауырлас елдердің спортшы өрендерінің басын қосқан дүбірлі додаға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінен 500-ден аса жас қатысқан болатын. Олар 5 күн бойы спорттың жеті түрінен өзара бақ сынасты. Түркі жастарының рухын көтеріп, ынтымағын нығайтатын сайыста достық жеңді,-дейді универсиада қатысушылары. Шараның басты мақсаты да бауырлас елдер жастарының басын қосып, бірлігін бекемдеу, ортақ мәдениет пен тарихымызға қызығушылығын арттыру болатын. Жарыстың жабылу салтанатында меймандар түркі жұртының достығын көрсететін арнайы мерекелік концертті тамашалады. Жиын соңында универсиада туы Қырғызстаннан келген делегаттарға табысталды.
Исмаил Джулфа, палуан:
Түркістандықтар бізді шетелдік деп қабылдаған жоқ. Керісінше, алыстан келген бауырымыз деп құшағына басты. Универсиада ойындары өте тамаша өтті. Мен грек-рим күресі бойынша жарыс жеңімпазы атандым. Біз боз кілемде бір-бірімізге қарсылас болғанымызбен, сырттай дос болып кеттік. Ерекше сезім, ұмытылмас әсер алдық.
Айнұр Әбілқасымқызы