57 млн теңге! Батыс Қазақстан облысы Серебряков ауылында мектеп мұғалімдері мен жұмысшылар бюджетке осынша сома берешек боп шықты. Әкімшілік 73 адамға артық жалақы алдыңдар деп, қомақты қаржыны мойындарына іліп қойған. Алды 3 млн, соңы 500 мың теңге қарыз. Ал мектеп ұжымы мұндай ақшаны алған жоқпыз деп отыр. Тілші тарқатады.
Орыс тілі пәнінің мұғалімі Ғалия Жанабаева бюджетке 3 млн теңге берешек екенін мамырда білген. Аудит екі жыл бойына артық ақша алып келгенсіз деп айып тағып отыр. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз енді не істерін білмей дал.
Ғалия Жанабаева, мұғалім:
Мамыр айында бізге аудит шешімі деп 2 млн 800 мың теңге үкіметке берешексіз деп, хабарлама келді. Бір жалақыны аламыз ғой, артық ақша түскенін байқаған жоқпыз. Есеп қағазын сұрағанда, қолмен қағазға жазып береді ылғи бізге, электронный шығармайды.
Тек мұғалімдер емес, мектептегі кіші қызметкерлер де қазынаға қарыз боп шықты. Тіпті кейбірінің атынан бірнеше есепшот ашылған. Өздері бұл жәйттан бейхабар. Ең сорақысы, аудит қағазында жалақы мөлшері бар да, еңбек демалысында берілген төлем көрсетілмеген.
Анаргүл Қисметова, мұғалім:
Неше түрлі етіп санап беріп жатыр. Менің қолымда төрт рет саналған қағаз бар. Біріншісінде 2 млн 296 мың 372 теңге бережақ болсам, қазіргі соңғы қағазда 1 млн 317 мың теңге деп тұр. Жоқ, мен мұнымен келіспеймін. Төлемеймін. Жалпы ұжым болып, 76 адамға қарыз салып отыр ғой. Біз келіспейміз, төлемейміз деп отырмыз.
Серебряков мектебінде аудит 2021 қаңтары мен 2022 жылдың қарашасы аралығына тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықты анықтаған. Қазір білім ордасында тәуелсіз аудит сараптама жасап жатыр. Өйткені, ұжым мемлекеттік аудит қорытындысымен келіспейді. Бұрынғы бас есепші Светлана Джапарова жұмыстан шеттетілген. Ал білім басқармасындағылар, мектеп қызметкерлері екі жыл бойына артық ақша алған, бірақ мойындамай отыр дейді.
Клара Меңдіғалиева, Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
57 млн теңге құрайтын 73 қызметкерге негізсіз аударылған төлемдер анықталды. Олардан өндіру керек заңды түрде. Бухгалтердің қателіктері бар. Дұрыс сомасын салмаған программаға. Қазір бұл бұзушылықтарды жасаған бухгалтер бойынша қылмыстық іс ашылды. Сот шешімін күтеміз.
Аядай ғана мектепте 41 мұғалім мен 25 кіші қызметкер еңбек етеді. 225 оқушы білім алады. Экономикалық тергеу департаменті мектепке қатысты екі істі тергеуге алды. Егер жағдай өзгермейтін болса, мұғалімдер ұжым болып сотқа жүгінуге бекініп отыр.
Ардақ Мұратқызы