Еліміз қандастар көп тұратын Ресей облыстарында қазақ мектептерін ашуға мүдделі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік Известия газетіне берген сұхбатында айтты. Көлемді мақалада Мемлекет басшысы қазақ-орыс қатынасынан бастап, халықаралық ушыққан геосаяси ахуалға дейін сөз қылып, әлемде қай кезде тепе-теңдік орнайтынын мәлімдеді. Әрі Ресей президентінің ертең елімізге жасайтын сапары жайында айтып, Атом электр станциясына қатысты ойын жеткізді.
Президенттің ресейлік Известия газетіне берген сұхбаты жан-жақты. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі қазақ-орыс қатынасына тоқталған. Ресей - тату көрші. Сенімді серіктес. «Біз әрдайым олардың ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді» -деді Президент. Әрі биыл екі елдің XXI ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа қол қойғанына 10 жыл. Бұл ынтымақтастығымызға жарқын жол ашады деген Мемлекет басшысы Ресей президентімен болатын келіссөздерге де тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз. Сонымен қатар, Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз.
Кейінгі әңгіме көгілдір отын турасында. Өткен айда ресейлік газды Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасы іске қосылған. Бұл еліміздің газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға, әрі энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал етеді. Бастысы мынаған мән беру керек, Ресейлік газды жеткізу барлық тараптың мүдделеріне сай. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалануға және көршіміздің газын тасымалдау көлемін арттыруға дайын. Осылай деген Президент елде Атом электр станциясын салу мәселесіне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады.
Ресейден соңғы 18 жылда 20 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Ал Қазақстан керісінше, 6 миллиард құйды. Қазір бірлескен 143 жоба жүзеге асып жатыр. Қысқасы, байланыс сан-салада дамып келеді деді Президент.
Соның бірі логистика. Қазір қос ел «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін дамытып отыр. Бұл теңізге шығатын жолы жоқ Қазақстан үшін экономиканы өрге сүйрейтін локомотивтердің біріне айналады деді Мемлекет басшысы. Бұдан бөлек, мәдениет білім салаларындағы ықпалдастық та артып келеді. Қазір Ресейдің белді университтерінің филиалдары елімізде ашылып жатыр. Енді орта білімге де мән берілмек. Осы ретте Президент Ресейде қазақ мектептерін ашу жайлы ойын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықтарымыздың тарихи және мәдени жақындығын ескерсек, орта білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге екі тараптың да қызығушылығы бар. Қазақстанның оңтүстік облыстарында Қазақстан-Ресей бірлескен білім беру мекемелерін ашу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл ретте біз Ресейдің Қазақстанмен шекаралас, қандастарымыз көп тұратын облыстарында осындай мектептер ашуға мүдделіміз.
Бұдан бөлек, Президент ТМД мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының рөлдері жайында айтып, ушыққан геосаяси жағдай, санкциялар текетіресі, сауда соғыстарына қатысты ойын жеткізген. Бұл ретте Президенттің ұстанымы бейбіт келісімге келу. Оның айтуынша, «Жер көлемі, қуаты мен экономикалық әлеуетіне қарамастан барлық мемлекет тең. Сондықтан ашуды ақылға жеңдіріп, халықаралық құқық нормаларын сақтаған кезде әлемде тепе-теңдік орнайды деді.
Досжан Маратұлы