Павлодар облысы Павлодар ауданына қарасты Розовка ауылында екі күнде екі үйір жылқы өлді. 48 бас жануардың неден қырылғаны белгісіз. Максимовка ауылында жылқылардың өлекселері табылғаны туралы ақпарат облыстық ветеринария басқармасына осыдан үш күн бұрын түскен. Мал дәрігерлері ақпарат тарап кетпес үшін өлген малды көміп тастаған. Бірақ сынама алып зертханалық сараптамаға жібердік дейді. Мәліметке қарағанда жылқының іші кеуіп, ісініп кеткен. Іш өту белгілері де байқалған.
Рашид Нұрбеков, Павлодар облысының бас мемлекеттік ветеринариялық–санитариялық инспекторы:
Материалдар облыстық зертханаға жіберілді. Малдарда асқазан -ішек жолдарының толып кеткені байқалады. Бізде ағзаның әлдебір нәрседен улануы мүмкін деген күдік бар. Жануарлар дірілдеп жүре алмайды.
Болат Аманбаев