Ақтөбе облысында көмір бағасы қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында көмір бағасы қымбаттады

07.11.2023

Ақтөбе облысында көмір бағасы шарықтады. Былтырғымен салыстырғанда бірден 40 пайызға қымбаттаған. Облыс әкімдігіндегілер бағаны нарықтың өзі реттейді, сондықтан оған әсер ету қиын дейді. Салдарынан қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіп отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Мамандардың айтуынша, бағаның өсуі аймаққа әкелінетін көмірдің көлеміне әсер етпейді. Жалпы облыс жыл сайын 22 мың тонна қатты отын тұтынады. Қазірге дейін оның тек 67 пайызы ғана тасымалданған.

Қарапайым тұрғындардың тонналап көмір сатып алуға шамасы келмейді. Мәселен, Ерболат Сарбеков биыл 2,5 тонна ғана қатты отын алған. Одан артық сатып алуға қалтасы көтермейді. Қыстан қысылмай шығу үшін Ерболатқа кемінде 200-300 мың теңге қаржы керек.

Ерболат Сарбеков, тұрғын:

Былтыр он алтыдан алып едік, биыл 20 500-ден төмен бағасы. 23-тен бар. Ең арзаны 20 500. Жағдайыма қарап соны алдым. Халыққа қиын. Қыс ұзап кетсе, тіпті қиын. Ағашты бөлек аласың, көмірді бөлек аласың.

Халық сұранысынан бөлек, жыл сайын облыстағы бюджеттік мекемелер үшін 32 мың тонна көмір әкелінеді. Елді мекендердегі емдеу мекемелері мен мектептерге ол толықтай жеткізілген. Қазір қоймаларда көмір жеткілікті. Кезек жоқ. Мұндағы қызметкерлер баға өскендіктен, тұрғындардың көбі әліптің артын бағып отыруы мүмкін дейді. Дегенмен, алғашқы аяз түскенде алыс аудандардан келетін көліктер сағаттап кезекте тұруға мәжбүр.

Самат Әміров, қойма меңгерушісі:

Мәртөк, Ойыл аудандарынан алады. Былай шағын мекемелер бар, кірпіш зауыты деген секілді. Аяз түскеннен бастап алады. Қазірден бастап алатын болса, ажиотаж болмайды ғой.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бағаның өсуіне тасымал құны әсер етіп отыр. Сондықтан оған ықпал ету қиын.

Айдын Өтемұратов, Облыстық энергетика басқармасының бөлім басшысы:

Көмір сату негізі бәсекелестік орта болып табылады.Сату бағасына темір жол алаптарынан сатып алу кіреді және темір жол арқылы тасымалдаудың құны кіреді. Осы Ақтөбенің тұйықтарындағы қазіргі баға 18 500-ден 20 500 теңгеге дейін.

Бұл баға алыс ауылдардағы тұрғындарға жетем дегенше тағы өзгереді. Өйткені тасымал бағасы да қымбат. Сондықтан, халықтың көбі қи, тезекпен амалдауға мәжбүр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу