Батыс Қазақстан облысында қызылша дерті дендеп, эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында қызылша дерті дендеп, эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады

07.11.2023

Батыс Қазақстан облысында қызылша дерті дендеп, эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлады. Жыл басынан бері 119 науқас тіркелген. Бұған пандемия кезінде бұқаралық иммунитеттің төмендеуі мен қызылшаға қарсы екпе егудің бәсеңдеуі, қадағалаудың әлсіреуі әсер еткен. Науқастардың дені – екпе алмаған балалар. Мектеп, балабақшаларда аурудың 30 дерегі анықталды. Мамандар жұқпалы ауру белгісі байқалған бойда, өз бетімен емделмей, дәрігерге қаралуға кеңес береді. Өңірде жаппай иммундау науқаны басталды.

Нұрлыбек Мұстаев, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Ауру көбіне қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар арасында тіркелуде, екпе алмаудың негізгі себебі ата – аналардың вакцинадан бас тартуы, денсаулықтарына байланысты медициналық қарсы көрсеткіштердің болуынан және баланың егу жасына жетпегендіктен, яғни бір жасқа дейінгі балалар. Қызылшаның арнайы емі жоқ, тек екпе алу арқылы ғана қызылшадан қорғануға болатынын тұрғындардың есіне саламыз.

Еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері қызылшаға қарсы екпе науқанын бастау жөнінде арнайы қаулы шығарды. Енді қызылшаға, қызамыққа және пароТитке қарсы 6 және 11 айлық сәбилерге, ал желтоқсаннан бастап 2 және 4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау жасалады. Вакцинаның бұл түрі барлық адамға тегін.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу