Мәскеу архивінен құнды кітаптардың кинопленкалары табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу архивінен құнды кітаптардың кинопленкалары табылды

06.11.2023

Мәскеудің архивінен ұлтымыздың тарихынан сыр шертетін құнды кітаптардың кинопленкалары табылды. Оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» және «Әліппе» кітабының әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде сатылып тұрған сәті бейнеленген. Сондай-ақ, көрші елдің мұрғатынан осыдан 95 жыл бұрын ашылған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің алғашқы кадрлары бар.

Бұл - Ахмет Байтұрсынұлының 1912 жылы жазылып, кейінен жаңарған «Әліппе» кітабы. Сөреде қаз қатар тұрған сауаташар оқу құралынан бөлек 1914 жылдан 1925 жылға дейін 23 басылыммен шыққан «Тіл-құрал» кітабын да көруге болады.

Оның бәрі әйгілі Қоянды жәрмеңкесінде сатылымға шыққан. Құнды кинопленканы Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының ғылыми қызметкерлері көшіріп әкелген.

Ермұхамет Маралбек, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары:

Бұл енді біз үшін үлкен жаңалық болды. Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары сол кездің өзінде өте көп таралыммен тараған. Сұранысқа ие болған. Соны дәлелдейтін бұл бір факті болды. Базарда саудалануы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің өте бір сұранысқа ие екенін көрсетіп тұр.

Тіл білімі институтының мамандары Қоянды жәрмеңкесінде малды малға, тауарды тауарға ғана айырбастаған деген ақпаратты жоққа шығарды. Оған дәлел мына кадрлар. Таспада ақшалай сауда жасап жатқан адамдарды көруге болады. Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатынан алынған хроникалардың арасында Ғылым академиясының да ашылу сәті бар.

Әрлен Сейтбатқал, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері:

1946 жылы Опера театрында Ғылым ордасының ашылуы өткен. Оған сол тұстағы қазақтың белгілі ғалымдары, қаламгерлері қатысқан. Мұхтар Әуезовтің бейнесін көруге болады. Сондай-ақ, Қаныш Сәтпаев бұл іс-шарада бас баяндаманы жасайды.

Мәскеуден әкелінген кинопленкаларды осындан 95 жыл бұрын ашылған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың алғашқы кадрлары да бар. Айта кету керек, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы осы тарихи кезеңге арнап «Ерте көктем» деп аталатын телехикая түсірді. Сериалда жоғары оқу орнын ашқан Санжар Асфендиаровтың, дәрігер-ғалым Халел Досмұхамедовтың, академик Орымбек Жәутіковтің өмір жолы мен қилы тағдырлары көрініс табады. Қазақ мәдениеті мен руханиятының даму кезеңін суреттейтін телехикая биыл эфирге шығады.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу