«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрттің шығу себебі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрттің шығу себебі анықталды

04.11.2023

Маңғыстауда «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өрттің шығу себебі анықталды. Тексерулер жер қойнауын игеруші серіктестік пен мердігер компаниялардың жұмысына қатысты бірқатар былықтың бетін ашты. Айта кетейін, кен орнындағы өрт 5 айдан бері әлі жанып жатыр.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ақтаудан 277 шақырым жердегі кен орнында 9-маусымда бұрғылау қондырғысын жөндеу кезінде газ-су аралас қоспа атқылап, арты өртке ұласқан болатын. Соған байланысты арнайы комиссия құрылып, апатты жою жоспары әзірленді. Өртті өшіруге бағытталған жұмыстар әлі жүріп жатыр. Осы комиссия тергеу жүргізген болатын. Нәтижесінде «Заман Энерго» деп аталатын қосалқы мердігер компанияның ұңғымаларды жобалық құжатсыз бұрғылағаны анықталды. Атап айтқанда, ұңғыма құрылысының технологиялық процесін тиісті деңгейде бақыламаған болып шықты.

Сондай-ақ апаттық жағдайларды алдын-алу үшін, ұңғыманы жумаған. Ал аталған жер қойнауын пайдаланушы, «Бозашы Мұнай» ЖШС және мердігер ұйым, «Caspian Drilling» серіктестігі болса, бұрғылаудың технологиялық процестеріне тиісті өндірістік бақылау жүргізбеген. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, апатты ұңғымадан шығып жатқан газдың көлемі азайды Соған сәйкес, жалын да бәсеңдеген.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу