Қызылша – Қазақстанның барлық аймағына таралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылша – Қазақстанның барлық аймағына таралды

04.11.2023

Қызылша қазірдің өзінде Қазақстанның барлық аймағына таралды. А гепатиті де күшейіп тұр. Елдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова осылай деп отыр. Вице-премьер Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал талқыланды. Мамандар көбіне жағдай вакцина алмаған адамдарда жиі кездесетінін айтады. Ауруды ең көп жұқтырғандар Шымкент пен Алматыда. Жауаптылар, дерт ошағына айналған қалалардың әкімдіктері, қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шараларына дайын болуы тиіс дейді. Жыл басынан бері 11 мыңнан астам адам қауіпті инфекцияның құрығына іліккен. Астананың Бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова елордада қызылшаға қарсы балаларды жаппай егу 6-шы қарашадан, яғни алдағы дүйсенбіден басталады деген еді. Алдымен 6 айдан 10 айға дейінгі сәбилерге салынбақ, сосын 2 мен 4 жас аралығындағы бөбектерді иммундау жоспарланып отыр. Бүгінде жалпы қорда 440 мың доза вакцина бар.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу