Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында былтыр ашылған сүт фермасы шетелдік асылтұқымды сиырлардан мол өнім ала бастады. Кәсіпорын мемлекеттің қолдауымен қаржылай көмек алып, өрісін кеңейтіп келеді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Бұл - Германиядан әкелінген голштейн фриз сиырының бұзауы. Басқалардан ерекшелігі - елімізде қолдан ұрықтандырылып, күні кеше туған алғашқы төл. Сүт фермасының болашақ өнімі осы түліктерден алынады.
Өңірдегі бірегей кәсіпорын құрылысы бес жыл бұрын басталды. Былтыр 330 буаз құнажын қоражайда қыстап шығып, түгелі төлдеді.
Мейірман Арыстанов, «Ringo milk» ЖШС басқарушысы:
Үкіметтің қолдауымен, Аграрлық несие корпорациясы көмектесіп, ақша бөлді, сиыр, техника сатып алуға. Қораның ішіндегі желдеткіш болсын, су ішетін астаулар болсын, жаңа технология бойынша салынған бәрі.
Асылтұқымды түліктің әрқайсысы 15-20 литр сүт береді. Күніне екі рет - таңғы сағат 5 пен кешкі сағат 6-да сауылады. Желі толығымен автоматтандырылған. Уақытымен күтіп-бапталып, асты тазаланады.
Марат Сәрсеев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының директоры:
«Ringo milk» фермасына қаражат «Агробизнес» бағдарламасымен бөлінді. 22 пайызбен. 16 %-ы - субсидияланады, 6 %-ын қаражат алған ферма төлейді. Негізгі сомасына екі жылдық каникулы бар.
Сүт - тауарлы фермасы әзірге жеке кәсіпкерлерге жылына 3 тоннадай сүт тапсырады. Алдағы уақытта тағы 600 бас сиыр әкелмек. Кәсіпорын толық қуаттылығына көшкен кезде қаймақ-май, айран-йогурт секілді сүт өнімдерін шығаруды көздеп отыр.
Ардақ Мұратқызы