Астанада мажардың ұлы ақыны Шандор Петөфи атындағы көше ашылды. Биыл оның туғанына 200 жыл толып отыр. Осыған орай бауырлас елдің ұлы қайраткерінің есімі Есілдің сол жағалауындағы көшелердің біріне берілді.
Тұран мен Қабанбай батыр даңғылдарын жалғайтын бұл көше бұрын шартты түрде Е108 деп аталатын. Бүгін оған салтанатты түрде мажар ақыны Шандор Петөфидің есімі берілді.
Шараға Қазақстан мен Мажарстанның Сыртқы істер министрлері, депутаттар мен қоғам белсенділері қатысты. Тараптар бұл екі ел арасындағы дипломатиялық, әсіресе, мәдени байланыстарды арттыратынын айтты. Астанада тұрып жатқан Мажарстан азаматтары да ұлы ақындарының есімі бауырлас елде ұлықталғанына дән риза.
Жофия Сираки, Мажарстан азаматы:
Үш жыл болды, Астанада тұрамын. Осында Қазақстан мен Мажарстанға қатысты түрлі шаралар өтіп тұрады. Бірақ бүгінгі күн мен үшін өте ерекше. Қуаныштымын. Оның үстіне биыл біздің ел Шандор Петөфидің 200 жылдығын тойлап жатыр.
Бұған дейін Венгрия Астанасы Будапештте Астана деген көше ашылып, Абайдың ескерткіші орнатылған болатын. Біз де қарап қалмадық. Қарымта жауап қаттық.
Сәкен Есіркеп, Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
Бұл көшені неге таңдадық? Нұра ауданы әкімдігінің жанында орналасқан. Екінші бетінде татар ақыны Ғабдолла Тоқайдың да есімін берген болатынбыз былтыр. Яғни, екі бауырлас халықтың ақындарының есімдері қатар орналасуының да символдық мазмұны жағынан сәйкес келеді ғой деп ойлаймыз.
Шандор Петөфи венгр тарихы мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан әйгілі революционер ақын. Ол 1848-1849 жылдары елдің тәуелсіздігі үшін күрескен көшбасшылардың бірі. 1000-ға жуық өлең жазды. Енді Есілдің сол жағалауындағы мына көше оның есімімен аталады. Ұзындығы 650 метр.
Досжан Маратұлы