Қостанайдағы автомобиль көлігі колледжінде биыл алғаш рет студенттерді көлік құрастыру мамандығына машықтандыратын топ ашылды. Бұл жоба жергілікті автомобиль зауыты мен оқу орнының әріптестігінің арқасында жүзеге асып отыр.
65 жылдық тарихы бар автокөлік колледжінде 1400-ге тарта студент оқиды. Еліміздің әр аймағынан келген жастар бұл жерде 11 мамандық бойынша білім алады. Жергілікті «Аllur» машина жасау зауытымен әріптестіктің арқасында студенттер келешек кәсіптерін теория мен тәжірибе жүзінде қатар үйренеді.
Мейрамбек Жанғалижан, студент:
«Аllur» зауытында тәжірибеден өттім. Soronto көлігінің салонын қаптадым.
Мейрамбек Отарғазиев, студент:
Бірінші курста бізді экскурсияға апарды. Біз онда қандай көліктердің қалай жасалатынын көрдік. Осы мамандықты таңдаған себебім, машинаны жөндеп, тіпті өзің жасап үйренесің.
Жылына «Аllur» зауытында колледждің 200-ге дейін студенті тәжірибеден өтеді. Оларға жұмыс істеген уақытына ақы төленеді. Арадағы әріптестік басқа да бағыттарда жүргізіліп келеді.
Сәния Иментаева, Жоғары инженерлік мектебінің басшысы:
Биылдан бастап колледжбен бірігіп бес қазақ тобын аштық. Сонымен қатар қазақ тілінде машина жасау сөздігі терминін шығардық. Қараша айында кәсіптік оқу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.
Жаңа орталықта студенттер көлік құрастыру, бояу, дәнекерлеуді іс жүзінде үйренеді. Осылайша өндіріс пен оқу орнының арасындағы әріптестік машина жасау саласына жергілікті мамандарды дайындауға жол ашып отыр.
Дәуренбек Әбдібек