Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастық пен мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән берді. Әрі қазақ-мажар қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі мен даму перспективасын жан-жақты талқылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен қазақ жеріне қош келдіңіз. Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар.
Виктор Орбан, Мажарстан Премьер-министрі:
Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыры байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік.
Ал екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен өткен келіссөзде тараптар екіжақты стратегиялық серіктестік тың серпін алатынына сенім білдірді. Мемлекеттер арасындағы тауар айналымы былтыр 20 пайыздан артық өсім көрсеткен. Енді сауда-саттықты 1 миллиард долларға дейін жеткізуге әлеуетіміз бар деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Келіссөзден кейін білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Данияр Қайыртай