Бүгін Франция президентінің Астанаға сапары халықаралық ақпарат құралдарында негізгі тақырыптардың біріне айналды. Бұл оқиға жайында, әсіресе француздың маңдайалды басылымдары көлемді мақалалар жариялап жатыр.
Солардың бірі - дипломатиялық мәселелерге қалам тербейтін «Монд» газеті. Оның хабарлауынша, қазір Францияның Қазақстан тау-кен ресурстарына қызығушылығы артып келеді.
Осы елдің «Ле Экспресс» басылымының дерегінше, Элисей сарайының қожайыны Эммануэль Макрон Қазақстанға екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жеделдету үшін аттанды. Және де материал авторы Макронды қазақтың сайын даласының қақ ортасында салынған футуристік әрі қар басқан астанасына 2014 жылдан бері сапар шеккен алғашқы Франция президенті деп атапты.
Макронның Астанаға сапары француздың «Фигаро» газетінің де назарынан тыс қалған жоқ. Ол өз мақаласын «Макрон Орталық Азияның егемендігі туралы сөйлескісі келеді» деп атапты. «Сондағы мақсаты – бұл елдерді серіктестіктерін әртараптандыруға ынталандыра отырып, Қытай мен Ресейдің аймақтағы ықпалын шектеу», - дейді париждік тілші.
Ал «Рейтер» агенттігі «Қазақстан Ресей отынынан бас тартқан Еуропаға шикі мұнай жеткізетін елге айналды» деп жазған. Бұл материал «Қазақстан Мәскеу қолдамаған француз Макронға қошемет білдірді» деген атпен жарық көрді. Оның авторы елімізді Ресейді айналып өтетін «Қытай-Еуропа» сауда жолының маңызды буыны деп сипаттаған.
Америкалық «Политиконың» еуропалық редакциясы болса Макронның Орталық Азияға уран үшін барғанын хабарлап отыр.
«Франция президенті Қазақстан мен Өзбекстаннан уран жеткізуді көздейді. Бұл сапар Еуропа одағының Ресеймен, Нигермен геосаяси шиеленісі күшейген шақта жасалып отыр. Ал Ресей мен Нигер - Еуропаға уран экспорттайтын негізгі елдер», - дейді «Политико» репортері.
Арыстан Рысбек