Жаңаөзенде ет өңдеу кәсіпорны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде ет өңдеу кәсіпорны ашылды

31.10.2023

Жаңаөзен қаласында «Көркем әлем» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны ашылды. Заманауи үлгіде салынған комбинатта айына 500 тоннаға жуық ет және ет өнімдері өндіріледі. Аграрлық несие корпорациясы арқылы 927 миллион теңге қаржылай қолдау көрсетілген.

Комбинатта күніне 50 ірі қара мен 100 ден астам ұсақ мал сойылады. Санитарлық талаптарға сай сойылған малдың етін цехта жіліктейді. Сол жерде сатылымға шығарылып, қалғаны жартылай фабрикаттар және бұқтырылған ет өнімдерін әзірлейтін орынға жіберіледі. Айнұр Сариева жартылай дайындалатын өнім цехында жұмыс істейді. Көп балалы ана кәсіпорынға жұмыспен қамту бөлімі арқылы орналасқан.

Айнұр Сариева, ет өңдеу кәсіпорнының жұмысшысы:

Жаңаөзен қаласында осындай ет комбинатының ашылғанына өте қуаныштымын. Және де мамандығым бойынша жұмысқа келгеніме өте қатты қуанамын. Мамандығым аспаз. Қазір етке салатын қамыр дайындып жатырмыз. Бұл жерде бір күнге берілетін жоспар бар. 60-70 кг көлемінде жасаймыз.

Ет комбинатында үлпершек, жұмыр, әсіп, қазы-қарта сияқты 15 түрлі ұлттық тағам дайындалады. Сондай-ақ, жартылай дайындалған өнімнің 20-дан астам түрі әзірленеді. Кәсіпорында барлығы 160 адам еңбек етеді.

Қаламқас Аманқосова, ет өңдеу кәсіпорнының өкілі:

Ет комбинаты мемлекеттік қолдау арқылы ашылды. Бүгінгі таңда толық күшінде жұмыс істеп тұр. Бізге аграрлық несие корпорациясы қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттік «Жұмыс жасаймын» бағдарламасымен бізге 130-дан астам маман қызметке орналастырылды.

Аграрлық несие корпорациясы арқылы биыл өңірге 3,7 млрд теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда толық игерілген. Қаражаттың 60 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалған. Қалғаны ауылдардағы басқа да кәсіп түрлерін дамытуға берілді. Соның ішінде ең ірі инвестициялық жоба - ет комбинаты.

Мұрат Баймағамбетов, Аграрлық несие корпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының директоры:

 Бұл өңірімізде жоқ жоба деуге болады. Себебі үлкен масштабта ашылған. Өзінің өткізу пункттері бар, дүкендері бар. Халыққа өте пайдалы деп есептейміз. Және осындай жобалар болатын болса біздер қаржыландыруға дайынбыз.

Ет комбинатының Жаңаөзен қаласында екі дүкені бар. Тағы бір сауда нүктесінің құрылысы жүріп жатыр. Болашақта дүкендер желісін Ақтау қаласында да ашу жоспарланған.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу