Екібастұз қаласындағы кейбір көпқабатты үйлерде жылу мардымсыз. Жылыту маусымы басталғалы бір ай өтсе де, жаурап отырмыз деген тұрғындардың шағымы толастар емес. Ресми мәліметке қарағанда көпқабатты 690 үйдің 20-сында қысым жоқтың қасы. Болат Аманбаев тарқатады.
Екібастұздың кейбір үйлеріндегі көрініс былтырғы жағдайды еске түсіреді. Қос-қостап қосылған жылытқыш, еденде көрпе-сырмақ. Жаураған бала-шаға пәтер ішінде қалың киініп алған.
Күлпаш Ахметова, қала тұрғыны:
Сантехниктер келеді де ананы шұқып, мынаны шұқып, құбырдан ауа шығарады, нәтиже жоқ. Алғашында ысиды, одан кейін жоқ болып кетеді. 2-3 көрпені жамылып жатамыз. Жылы киініп аламыз.
Бұл Мәншүк Мәметова көшесіндегі 54-ші үй. Жылумен қамту бойынша қиындық туғызып тұрған ең күрделі мекен-жай осы. Былтырдан бері әбден зәрезеп болған тұрғындар биыл ақша жинап жөндеу жұмыстарына өздері де кіріскен.
Жайна Шалқарбаева, қала тұрғыны:
Қандай мәселе бар, соған ақша жинап, соның бәрін жөндеп жатырмыз. Сорғы болса, сорғы сатып алып отырмыз. Қандай бір жерді дәнекерлеу керек болса, істетіп отырмыз. Енді білмеймін жылудан мүлдем қысым жоқ. Көтерілмейді. Ыстық емес.
Қара суықта жаурап отырған жалғыз бұл үйдің тұрғындары емес. Жылу жүйесіндегі айналымның әлсіздігінен жиырмаға жуық үйде проблема бар. Темпераутралық параметрлер қалыпты болғанымен, қысым өте төмен.
Жұмағали Қоғабаев, қоғам белсендісі:
Бізде төртеу емес, екі қазандық қана істеп тұр бір диірменмен. Сондықтан осы себептен жылудың жүктемесі азаяды ғой.
Жергілікті әкімдік көпқабатты үйлерде жылу мардымсыз екенін жоққа шығармайды. Бірақ ЖЭО-ның жұмысы қалыпты деп шаң жуытпайды.
Әнуарбек Аманов, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:
Жылу стансасында бес қазандық жұмыс істеп тұр. Шығу температурасы 73 градус, қайтып келуі 51 градус. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында 20 шақты үйде мәселе бар. Ол үйлерді түгел зерттеп, комиссиямен тексеріп шешім қабылдадық. Біріншіден, ішкі жүйені қалпына келтіру, екіншіден, регулировка жасау. Үшіншіден, жүйедегі ауаны шығару керек.
20 үйге алдағы екі күнде толыққанды жылу беріледі деп сендірді әкімдік өкілі. Былтыр қыстағы апаттан кейін Екібастұз қаласын жылу маусымына дайындау үшін 17 млрд теңге қаржы жұмсалды.
Болат Аманбаев