Алматыда ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығы тексерілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығы тексерілуде

31.10.2023

20-дан астам тектоникалық жарылымдардың үстінде орналасқан Алматыдағы ғимарттардың түгел сейсмикалық тұрақтылығын тексеру жұмысы қызу жүріп жатыр.

Урбанистер қала құрылысына қатысты салғырттық көп, сәйкесінше қауіп те жоқ емес дейді. Бірақ сейсмологтар биыл шағын 500-ден астам дүмпудің болғанын айтып, дүрлігуге негіз жоқ деп отыр.

 Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Алматының сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқаны ешкімге жасырын емес. Мегаполистегі соңғы жойқын дүмпу 1911 жылы болған. Сейсмологтардың айтуынша, ондай жер сілкіністері әр ғасыр сайын қайталануы мүмкін. Дәл қазір тұрғындардың үрейленуіне, алаңдауына себеп бар ма?

Нұрсәрсен Өзбеков, «Сейсмология институты» ЖШС директорының орынбасары:

Біздің өңірге ондайды нақты айту өте қиын. Себебі біздегі деректер мәліметі өте шектеулі. Соған байланысты біз ондай тұжырымды жасай алмаймыз. Біздің аймақтарға қатысты ондайды айтуға әлі ерте. Жыл басынан Алматы өңірінде 539 жер сілкінісі тіркелді. Оның бәрі әлсіз. Адам сезетін жер сілкіністерінің санына келер болсақ, 4-5 рет болып өтті. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Алматы 20-дан астам тектоникалық жарылымның үстінде орналасқан. Егер магнитудасы 9-10 балдық зілзала болса, бұл жарылымдар қақ айырылуы әбден мүмкін деген де болжам бар. Әсіресе таудың етегіндегі аумақ қауіпті болып саналады. Өйткені ондағы топырағы тым жұмсақ. Мамандар таулы аумақта 3 қабаттан жоғары нысан тұрғызу қауіпті екенін ескертеді.

Гүлмира Байқабылова, урбанист:

Алматыдағы құрылысқа қойылатын талаптар өте дұрыс жоспарланған. Бірақ жеке компаниялар бұл стандарттарды сақтай бермейді. Сондықтан шаһар аумағындағы құрылысқа мемлекет бақылау жүргізуі керек. Мегаполистегі ғимараттардың басым көпшілігі 9 баллдық жер сілкінісіне ғана шыдас бере алады. Өздеріңізге мәлім қалада магнитудасы 10 баллға жататын аумақтар да бар.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Шаһарда жер сілкінісіне шыдас бере алмайтын ғимараттар да бар. 2017 жылы арнайы институттар 11 мың ғимаратты тексеріп, оның 10 пайыздан астамы апатты жағдайда деген байламға келген. Ал қазан айында басталған сейсмоаудит жұмыстары аясында мамандар 16 мың нысанды тексермекші.

Ералы Шоқбаров, «ҚАЗАҚСҒЗИ» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры:

2018 жылдардың қорытындысы бойынша Алматы қаласында 1000-нан астам ғимарат сейсмикаға берікті емес деп қорытынды беріліп, сүрілуге берілді. Бүгінгі таңда 2023-2024 жылғы паспортизациясының жалғасы бойынша жұмыстар басталды. Оның қорытындысы 2024 жылдың желтоқсан айында беріледі.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Айта кету керек, сейсмоаудиттен бөлек төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға арнап, зілзала кезінде не істеу керек деген тақырыпта түрлі оқу-жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде өткізіп жатыр. Сондай-ақ, Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеу, даярлау және оқыту ұлттық орталығында құтқарушылар даярланып жатыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу