Жарты миллионға жуық алматылық өркениеттен қағылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жарты миллионға жуық алматылық өркениеттен қағылып отыр

30.10.2023

Алматы маңында жарты миллионға жуық адам өркениеттен қағылып отыр. Себебі, 700-ге жуық саяжайда мектеп пен дәрігерлік амбулатория жоқ.

Ауыз су, газ, электр желісі және жол инфрақұрылымдары тұрғындарды жиі мазалайды. Депутаттар мәселені Үкімет деңгейінде күн тәртібіне шығармай, мәселе шешілмейді дейді. Халықтың жан-айқайын Қуан Нұрақын бағамдап қайтты. Мұндағы халықтың алды 20 жыл бұрын қоныстанған. Қысы-жазы тұрады. Олар ауыл мәртебесінің жоқтығы бәріне қолбайлау болып тұр дейді.

Болат Мұқашев, саяжай тұрғыны:

Өзіміздің әкімшілік болса. Өзіміздің администрациямыз болса. Баратын жеріміз болады ғой. Кімге барып көмектес деп шағымданамыз?

Жарылқап Асанов, саяжай тұрғыны:

Бірінші мәселе – ауыл статусы керек. Ауыл статусы болса, үкіметтің адамы екенімізді сезінер едік. Сол кезде бәрі қолға алынатын мәселелер ғой.

Бұған дейін тұрғындар өздері қыруар қаржы жинап, жол төсеп, су тартқызған. Ал электр желісі жекенің қолында. Екі есе қымбат тарифпен ақы төлеуге мәжбүр.

Қуан Нұрақын, тілші:

Іле ауданына қарасты мына елдімекеннің маңында бір-біріне жақын орналасқан 20-ға жуық саяжай бар. Саяжай деген аты болмаса, 10 мыңдаған тұрғын тұрақты мекендейді. Ауылда әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Соның кесірінен халық көрші ауылға немесе қалаға қатынайды.

Қазір Ащыбұлақ ауылдық округіне қарасты 48 саяжайда 40 мыңға жуық адам тұрады. Әкімдік өкілінің сөзінше, жергілікті атқарушы органдардың саяжайлардың ішкі ісіне араласуға заңды құқығы жоқ. Соған қарамастан негізгі көшелерді, жолдарды мемлекет меншігіне алған.

Жасұлан Оңалбаев, Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі:

Сол жұмыстардың арқасында біз 2021 жылы Көкқайнар ауылы Бәйтерек көшесінен бастап Жер-Ана саяжайына дейін ұзындығы 3,7 шақырым жолға жөндеу жұмыстарын жүргізіп бердік. 

Қарасай ауданында да жағдай оңып тұрған жоқ. Оқушылар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшық кешіп барады. Азаматтар көбі тұрғылықты мекенжай бойынша құжаттарын заңдастыра алмаған соң Алматы қаласына тіркелген.

Мереке Сартаева, саяжай тұрғыны:

Біз негізінен қайда қарайтынымызды білмейміз. Мен, мысалы, қалада тіркеуде тұрмын. Бұрынғы адресіммен. Ертең қыс болады. Қыста қалай келеді мына жерге? Біреулер Шалқарда оқиды, біреуі Шамалғанда оқиды. Менің қызым қалада.

Облыс әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле аудандарының жалпы саны 674 саяжай бар. Онда 183 мың адам тұрады. Саяжайлардағы халық саны бұдан әлдеқайда көп. Парламент мінберінде депутат Мақсат Толықбай осылай деген еді. Ол мәселені күн тәртібіне шығармай, шешілмейді дейді.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ауыл статусын берген күннің өзінде ештеңе өзгермейді ғой. Облыста артық ақша жоқ. Артық бюджет жоқ. Осыны ашық айтуымыз керек. Бұл жерде миллиардтаған, тіпті триллиондаған ақша керек. Сондықтан біз бір шешімге келуіміз керек қой. Осы бір мәселені көтерсең, облыс та, біздің үкімет те басын ала қашады. Бірақ жағдай ушығып бара жатыр ғой жылдан-жылға. Қаншама адамның мәселесі.

Алматы облысы әкімдігі 333 саяжайды жақын маңдағы 20 елді мекенге қосамыз деді. Қазір осы бағытта жұмыстарды қарастырып жатқандарын жазбаша хабарлады. Бірақ қашан, қалай жүзеге асады? Мұны айта алмады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу