2009 жылғы санақпен салыстырғанда Қазақстан халқы 20 пайызға өсті. Әсіресе 15 жасқа дейінгі балалардың саны едәуір артқан. 12 жыл бұрынғы Ұлттық санақта олардың саны 3 млн 900 мыңдай болса, қазіргі таңда 20 млн-ға жуық халқымыздың 5 млн 600 мыңы - 15 жасқа дейінгі балалар. 2021 жылғы санақтың соңғы қорытындыларында тағы қандай мәліметтер келтіріледі?
Қазақстан халқы 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 млн-нан аса адамға көбейді. Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметтерге сай, бүгінде тұрғындары 2 млн-нан асқан өңірлердің жалпы саны үшеу. Олар: Алматы мен Түркістан облыстары және Алматы қаласы. Ал халық саны күрт өскен аймақтар арасында бірінші орында Астана қаласы тұр. Елордада халық саны 2009-шы жылдан бері 2 есе артқан. Ал Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысында 1,5 есе көбейген. Жалпы қай өңірде де халық санын көбейтіп жатқан қазақтар деп айтуға толық негіз бар дейді демограф Гүлнәр Қоқанова.
Гүлнар Қоқанова, демограф:
Қазақтардың арқасында көбейді деп айтуыма болады. 2009 жылы 63 пайыз болатынбыз. Қазір енді 70 пайыздан астық. 3 млн-ға көбейдік. Шетелден қандастарымыз келіп жатыр. Сосын бала туу коэффициентіміз көбейіп жатыр. Оңтүстік өңірлер өте жақсы жаңадан балапандар, нәрестелерді алып келді.
Ал енді әйелдер мен ерлер санына тоқталсақ. Қазақстанда орташа есеппен 1 мың әйелге 946 ер адамнан келеді. 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша әйелдер жарты миллионға артық. Тек Қызылорда мен Түркістан облыстарында әйелдерге қарағанда ер адамдар көп. Ол жақтарда 1 мың әйелге 1006 және 1027 ер адамнан келеді.
Әлем трендіне айналған урбанизация Қазақстанды да айналып өтпеді. Кейінгі 12 жылда қалалықтардың үлесі 5 пайызға артыпты. Олардың саны қазір 11 млн 700 мың, ал ауылдарда 7,5 млн-ға жуық адам тұрады.
Мақсат Тұрлыбаев, Ұлттық статистика бюросы басшысының міндетін атқарушы:
Урбанизация деңгейі жоғарғы өңір болып Қарағанды облысы саналады. Онда 80 пайыздай халқының саны қалаларда тұрады. Келесі - Ақтөбе өңірі. Одан кейін Павлодар облысы болып табылады.
Қуантарлық жайт, қазақстандықтар - жас халық . Өйткені ел тұрғындарының орташа жас шамасы - 32 жас. Бұл Ресей, Жапония, Германия, Франция, Қытай сияқты елдердегі көрсеткіштермен салыстырғанда қазақстандықтардың анағұрлым жас халық екенінің айқын белгісі.
Қаракөз Тұрмағанбет