Оралда бірегей музей-қорығы қайта жаңғыртылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда бірегей музей-қорығы қайта жаңғыртылып жатыр

30.10.2023

Қазақ даласындағы тұңғыш мектеп, бірінші баспахана мен дәріхана, алғашқы банк және өзге де тарихи ғимараттар орналасқан бірегей музей-қорығы қайта жаңғыртылып жатыр. Тұңғыштар мекені аталып кеткен Хан ордасы ауылы Батыс Қазақстан облысында, Оралдан 500 шақырым жерде орналасқан. Соған қарамастан, келушілер қатары жыл сайын артып келеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Музей-қорықта 13 ғимарат бар. Олардың 6-уы қазір жұмыс істеп тұр. Хан сарайы, хан мешіті, тұңғыш қазынашылық ғимараты, алғашқы баспахана, тұңғыш қыздар гимназиясы және тағы басқа тарихи ғимараттар келушілерге үздіксіз қызмет етіп келеді.

Тұңғыштар мекені - тұнған тарих. Бөкей ханның бастамасымен 222 жыл бұрын ең алғаш қала үлгісінде салынған елді мекен. Кейін Жәңгір хан кесене тұрғызып, мектеп салып, өркениетке жол ашты. Шетелден тал-терек тұқымын тасып, құмға қадап, аумақты оазиске айналдырды.

Ұмсындық Хайрошқызы, қала тұрғыны:

Өткенсіз бүгін жоқ дейді. Өткен тарихқа қарай отырып, көп нәрсеге қанық болдық. Әсіресі, алғаш ұйымдастырылған қазынашылық банк, алғаш ашылған мектеп, осы жерде еккен орман-тоғайы, қарағайы - соның бәрі үлкен, ерекше әсерге бөледі.

Бұған дейін хан кесенесі, аурухана мен мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешевтің баспанасы қайта қалпына келтірілді. Қазір ел қазынасынан қаражат бөлініп, тағы екі ғимарат - қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның тұрған үйі мен тұңғыш емхана жаңғыртылып жатыр.

Ғайса Махимов, облыстық хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының директоры:

Бізде туристер қабылдайтын визит орталығы мен әкімшілік ғимарат құрылысы аяқталуда. Ақпараттық жүйе туристерге арналған. Жылма-жыл туристер саны көбейіп келеді. Бұрын 19-21 мың адам келетін еді. Қазір 23-25 мың адамға дейін көбейді. Ресейден де туристер келеді және Қазақстан бойынша барлық қала, облыстардан келіп жүр.

Музей-қорық Қазақстанның қасиетті, киелі жерлері тізіміне енген. Мемлекеттік қорғауға алынған. Әрі елдің ең үздік 50 көрікті мекенінің сапында тұр. Биыл сапаржай мен тарихи ғимараттарды жаңғырту арқылы туристердің санын 50 мыңға дейін ұлғайту көзделген.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу