Костенко шахтасында болған апаттан қаза тапқандар саны 33-ке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Костенко шахтасында болған апаттан қаза тапқандар саны 33-ке жетті

28.10.2023

Костенко шахтасында болған апаттан қаза тапқандар саны 33-ке жетті. Кеніштегі жағдай әлі де қауіпті. Себебі ол жерде жинақталған газ жарылып, көміртек тотығы таралған. Бұл туралы Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің Республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының директоры Геннадий Силинский мәлім етті. Шахтадағы апатты учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, зардап шеккендер қауіпсіз жерге көшірілуде. Бұдан бөлек, шахтаның шығыс бөлігінде қалып қойған 13 кенші іздестіріліп жатыр. Айта кетейік, Костенко шахтасындағы апатты тексеруге құрылған арнайы Үкіметтік комиссияны премьер-министр Әлихан Смайылов басқарады. Комиссия оқыс оқиғаға жан-жақты талдау жүргізіп, себебін анықтайды. Сондай-ақ акционерлік қоғамға меншік құқығы Қазақстан Республикасының пайдасына шешілуі жүзеге асырылып жатыр.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» акционерлерінің қазіргі таңдағы акционерлер құрамынан шығуы бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қазан айының соңында кәсіпорынға иелік ету құқығының Қазақстан Республикасының пайдасына шешілуі туралы уағдаластықтарға қол жеткіземіз деп отырмыз. Қазіргі уақытта осы мәмілені заңды ресімдеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.


Хабарламаларға жазылу