Мәулен Әшімбаев Костенко шахтасында апаттан қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Костенко шахтасында апаттан қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты

28.10.2023

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында апаттан қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. «Мемлекет басшысы бұл жағдайды тікелей өз бақылауына алып, Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кеткенін де атап өткен жөн. Еліміздің Бас Прокуратурасы да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кеткені белгілі. Алдағы уақытта қолға алынған шаралар өз нәтижесін беріп, кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады деп сенеміз және мұндай төтенше оқиғалар енді ешқашан қайталанбасын деп тілейміз» деп жазды.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды облысындағы апаттан қаза болған кеншілердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Төменгі палата спикері зардап шеккендердің тезірек сауығып, үйлеріне оралуын тілектес екенін жеткізді. Әлеуметтік желідегі парақшасына: «Кеншілердің отбасыларына барлық көмек көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия құрылып, жұмысын бастады. Шахтада болған төтенше жағдайға қатысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнында Мәжіліс депутаттары да жүр. Мемлекетіміз үшін еш нәрсе адам өмірі мен денсаулығынан артық емес. Елдегі барлық инвесторлар мен өндіріс компаниялары осы ұстанымды басшылыққа алуға тиіс» деп жазды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы апаттан қаза тапқан кеншілердің отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. «Шахтада болған қайғылы жағдай барша Қазақ елінің жанына қатты батты. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмдардың отбасына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Алла Тағала қаза тапқан бауырларымызды мейіріміне бөлеп, жарақат алған жандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Алла ауыр сынақтарды бастан кешіп отырған отбасыларға көркем сабыр берсін. Жаратушы Иеміз еліміз бен жерімізді түрлі апаттардан, жамандық атаулыдан аман еткей» - делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.


Хабарламаларға жазылу