Қарағанды облысында Балқаш қаласының білім бөлімі инновациялық мектептерде интернет жылдамдығын арттыруды сұрайды. 100 мегабит 1500 оқушысы бар инновациялық білім ошақтарына аздық етеді, - дейді мамандар. Сондай-ақ, ғаламтормен қамтамасыз ететін компанияларды анықтау кезінде қиындықтар бар екен. Мысалы, Әлихан Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейін интернетпен қамтамасыз ету үшін биылғы тендерді мыңдаған шақырым қашықтағы Қызылорда облысының компаниясы жеңіп алған.
Айгүл Төкебекова, Ә.Бөкейханов атындағы 15 мектеп-лицейінің директоры:
Арақашықтық бізге өте көп қиындықтар туғызып жатады. Шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болса немесе басқадай проблемалар туындаған кезде интернет бөлуші кәсіпкерлермен тез арада байланыс орната алмай қаламыз. Осы бағытта, әрине, проблемалар бар. Бізге өз күшімізбен жұмыс жасауға тура келіп жатады.
Қазір Балқаш қаласында барлығы 17 мектеп бар. Соның 14-не жергілікті интернет провайдерлер қызмет көрсетсе, қалған үш мектеп мемлекеттік сатып алу кезінде жеңіп алған Қызылорда, Алматы және Қарағанды компанияларына қарайды. Бұған тоқтау салу үшін тиісті заңға өзгеріс енгізу керек, дейді ұстаздар. Жалпы мемлекеттік сатып алуды жетілдіру мәселесі Президент Жолдауында да тапсырылған болатын.
Руслан Нұрланұлы