2024 жылы мерзімді қызметтегі сарбаздарға мемлекеттік грант бөліну жоспарлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2024 жылы мерзімді қызметтегі сарбаздарға мемлекеттік грант бөліну жоспарлануда

27.10.2023

2024 жылы мерзімді қызметтегі сарбаздарға мемлекеттік грант бөліну жоспарлануда. Олар еліміздегі оқу орынында тегін білім алып, стипендия және жатақханамен қамтамасыз етілетін болды.

Отан алдындағы борышын өтеген сарбаздар енді оқу орнын өздері таңдауға құқылы. Қалаған мамандығын да игере алады. Министрлік сарбаздарды тегін оқытатын жоба ешбір елде жоқ дейді.

Ербол Құмарбекұлы, ҚР Қорғаныс министрлігі аппаратының басшысы:

Әрине, бастапқы кезеңде бұл жобаның іске асуына күмәнданушылар аз болған жоқ. Себебі, ЖОО-на тегін оқу үшін жолдама алған сарбаздар ҰБТ тапсырмай, автоматты түрде өтуі жоспарланған. Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бізді қолдап, ҰБТ тапсырмастан ең үздік сарбаздар қолдарына жолдамаларын алып, 1 қыркүйекте студенттер қатарына қосылды.

Конкурстық іріктеуге 2022 жылы көктем және күз мезгілдерінде әскерге шақырылған 29 мыңнан астам сарбаз қатысты. Азаматтық жоғары оқу орындарында тегін оқу үшін 3000 орын бөлінді. Оның 350-і әскери оқу орындарына бөлініп отыр.

Айгүл Төлембаева, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі:

Мемлекет басшысы 2024 жылдан бастап мерзімді әскери қызметті атқарған сарбаздарға грант беру мәселесін пысықтауға тапсырма берді. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс басталып кетті. Жобаны заңдастыру жұмыстарын Мәжіліске қарастыруға бердік.

Сапқа тұрған сарбаздарға берілетін жеңілдік мұнымен бітпейді. Биыл 5 мыңнан астам әскери қызметшіге кредиттік демалыс тағайындалған. 1,4 млрд теңге қарыздары кейінге шегерілген.

Тәуірбек Бозекен


астана

Хабарламаларға жазылу