Елдегі ең үлкен екінші мұз айдыны ашылды. Спорт нысаны Талдықорғанда орналасқан және ұлттық хоккей лигасының стандартына сай. Президент Жетісу облысына жұмыс сапарының екінші күні Қаратал ауданына да барды. Ондағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Биыл ел игілігі үшін гуманитарлық колледж, дәрігерлік амбулатория мен тарихи-өлкетану музейі пайдалануға берілді.
Жетісуда негізінен ауыл-аймақтың тыныс тірлішігімен танысып жүрген президент бүгін Қаратал ауданына келді. Мұнда жақында өлкетану мұражайы ашылған. Ішінде 350-ге жуық экспонат бар. Президентке археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, аудан тарихы және Қазақ ССР халық әртісі Бикен Римова мен жазушы әрі мемлекет басшысының әкесі Кемел Тоқаев туралы тың деректер таныстырылды.
Құрметті қонақтар кітабында қолтаңбасын қалдырған президент кейін зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұражайды көріп шықтым. Керемет екен. Жақсы. Кең. Келешекте жәдігерлер көп болатын шығар енді. Сондықтан осындай мұражайлар халық үшін керек.
Бұдан соң Үштөбедегі орта мектептердің бірін аралап көрді. Бұл білім ордасына 1996 жылы Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Президентке қаламгер әкесінің шағын кабинет-мұражайы таныстырылды. Мұнда жазушының шығармалары, тұтынған жеке заттары қойылған.
Ал бұл Үштөбеде биыл ашылған 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледж. Мұнда болашақ ұстаздарға «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спорт залдары, медициналық кабинеттер бар.
Сондай-ақ, президент биыл пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.
Ал бұл Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылы. Мұнда да мемлекет басшысы жаңадан бой көтерген нысандарды аралап көрді. Спорт кешеніне барды, кейін Мәдениет үйіне келді. 200 адамға арналған ғимаратта түрлі үйірмелер де жұмыс істейді.
Ал бұл Талдықорғандағы Жетісу арена деп аталатын жабық мүз айдыны. Республика күні ашылған спорт нысаны жеке кәсіпкердің қаражатын салынған. Мұнда қыз-жігіттер шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналыса алады.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша президенттің Жетісуға жасаған сапары тәмәм. Қасым-Жомарт Тоқаев негізінен ауыл аймақты аралап, мәдени-тарихи және әлеуметтік нысандарды көрді. Өңірдің экономикалық дамуна оң бағасын берді. Десе де түйткілді мәселелер жоқ емес. Одан мемлекет басшысының өзі де хабардар екенін жеткізіп, облыс әкіміне тиісті тапсырмаларды бергенін айтты.
Досжан Маратұлы