Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үштөбеде биыл ашылған 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледжге барды. Мұнда болашақ педагогтерге «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бойынша білім беріледі. Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спортзалы, медициналық кабинеттер бар.
Мұнан соң мемлекет басшысы Үштөбедегі орта мектептердің бірін аралап көрді. Бұл білім ордасына 1996 жылы Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Президентке қаламгер әкесінің шағын кабинет-мұражайы таныстырылды. Мұнда жазушының шығармалары, тұтынған жеке заттары қойылған.
Сондай-ақ, Президент биыл пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.
Досжан Маратұлы