Қазақстандық жасыл сутегі Еуропаға тасымалданады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық жасыл сутегі Еуропаға тасымалданады

26.10.2023

Қазақстанда өндірілген жасыл сутегі Еуропаға тасымалданады. Отандық және шетелдік компания өкілдері Брюссельде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Айтулы оқиға Бельгия астанасында өтіп жатқан халықаралық «Global gateway»форумы аясында ұйымдастырылды. 40-тан астам елдің көшбасшылары мен министрлері жиналған шараға Қазақстан атынан еліміздің көлік министрі Марат Қарабаев қатысты.

Немістің «Hyrasia one»компаниясы Маңғыстау облысында жылына 2 млн тонна сутегі немесе 11 млн тонна жасыл аммиак өндіретін зауыт салуда. Дайын өнімді Құрық порты арқылы «Саржа» теңіз терминалымен Еуропаға отандық «Semurg Invest» компаниясы жеткізбек. Қос тарап өкілдері еліміздің Бельгиядағы елшілігінде «жасыл» сутекті тасымалдау жөніндегі келісімге қол қойды.

Вольфганг Кропп, «Hyrasia One» ЖШС бас директоры:

11 млн тонна жасыл аммиакты шетелге тасымалдау үшін бізге жергілікті серіктеспен жұмыс істеу маңызды. Сондай-ақ, жоба аясында біз 8 неміс-қазақ университетімен ынтымақ орнатып, жастарды оқытып жатырмыз. Зауытымызға сол жастарды, жергілікті халықты жұмысқа орналастырамыз.

Айнұр Тұмышева, «Hyrasia One» ЖШС инвестициялар жөніндегі директоры:

Келісім шартқа байланысты келешекте біз өнім шығарған кезде «Саржа терминалы өзінің инфрақұрылымын дайындайды. Айтып кететін жағдай шығарылатын 2 млн тонна сутегі немесе 11 млн тонна жасыл аммиак барлығы экспортқа кетеді деген сөз емес. Ішкі нарыққа да қалатын өнімдер болады.

Көміртектен арылып, жасыл экономикаға бет бұрған Еуропа елдері Қазақстанмен сирек кездесетін шикізат материалдарын бірігіп өндіруге әрі өзара алыс-берісті арттыруға ынталы. Брюссельде өтіп жатқан «Global gateway»форумы аясында еліміздің көлік министрі Марат Қарабаев көлік жөніндегі Еурокомиссармен, Еуропа қайта құру және даму банкі Президентімен, тағы бірнеше Еуропалық ұйым басшыларымен кездесті.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Қазақстанның инвестицияық жобалары жайлы, Транскаспий көлік дәлізін дамыту аясындағы жаңа жобалар жайлы және көлік саласының әрбір саласында авиация, жол саласы болсын теміржол саласы болсын, Қазақстанның мүмкіндіктері туралы талқыладық. Басты мақсат-Қазақстанды Азия мен Еуропаның арасындағы үлкен транзиттік хабқа айналдыру мәселесі.

Былтыр Транскаспий көлік дәлізі арқылы ЕуроОдаққа тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 1,7 млн тоннаға жеткен. Енді оны 10 млн тоннаға көбейту жоспарда бар. Тиімді әрі тез Транскаспий халықаралық көлік маршрутына кіруге қазір Еуропаның бірнеше мемлекеті қызығушылық танытып отыр.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу