Шымкент қаласында ең үлкен Ту көтерілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қаласында ең үлкен Ту көтерілді

26.10.2023

Шымкентте ең үлкен Ту көтерілді. Рәміздер алаңынан бастау алған салтанатты шараға қаланың белсенді азаматтары мен жастар қатысып, оның соңы гала концетке ұласты.

«Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!» Мерекеге жиылған көпшілік Әнұранды қосыла шырқап, көк байрағымызды биікке көтерді. Ұлттық мерекеде мемлекеттігіміздің қастерлі нышандарына бұлай құрмет көрсету баршамызды ортақ құндылық аясына біріктіріп, болашаққа деген нық сенім қалыптастырады,-дейді қатысушылар.

Бейсенкүл Нарымбетова, қоғам белсендісі:

Бұл біздің ұлттық салт-дәстүрлерімізде бар нәрсе Ту көтеру. Соны жаңғырту деп ойлаймын. Және бұл мерекенің мемлекетіміз бен қазақстандықтар үшін маңызы өте жоғары. Өйткен Тәуелсіздігіміздің тарихы осы 25 қазаннан басталады.

Бүгінде Шымкенттің орталығындағы Рәміздер алаңын Елтаңба, Тәуелсіздік туралы декларация және байтақ жеріміздің картасы айшықтап тұр. Қақ ортасында 50 метр биіктікте еліміздің көк байрағы желібірейді. Мерекеге орай шаһар көшелері арнайы тақырыптық көрнекі үгіт-насихат құралдарымен безендірілді.

Мағжан Исақов, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

Республика күніне орай Шымкент қаласы жастары «Күміс қалам», «Күміс домбыра» мүшәйрасы өтті. Одан кейін біздің белгілі әртістер, спортшыларымыздың арнайы құттықтау челенджі бастау алды.

Мерекеде қаланың барлық 5 ауданында көрмелер мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Көшкісін жұртшылық орталық алаңда өнер жұлдыздарының концертін тамашалады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу