Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады

24.10.2023

Осы ұлттық мейрам қарсаңында Мемлекет басшысы бірқатар ел азаматтарына мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады. Биыл тұңғыш рет «Ел бірлігі» ордені тағайындалып, ұлт бірлігін нығайту жолында жемісті еңбек етіп жүргендерге берілді. Әрі «Қазақстанның халық жазушысы» мен «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қайтарылды. Биыл қарапайым еңбек адамдарына екпін берілген. Сонымен Ақордада Президент қолынан марапат алған кімдер? Асима Нұрбайқызы.

Бостандық – бодандықтан да қатты сыналады. Тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына аяқ бастық. Бұл жолда бір адамның еңбегімен ғана елді өркендету мүмкін емес. Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала десек, сол сексеннің ішінде еңселі еңбек етіп жүрген ел азаматтары аз емес. Солардың бірі – мұнай-газ саласында, өндірісте, мемлекеттік қызметте ұзақ жыл табысты жұмыс істеген – Бақтықожа Ізмұхамбетов. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Жоғары марапатты Сыр елінің азаматы Имамзада Шағыртаев та алды. Оның ауыл шаруашылығында еңбегі ерен. Әрі жаны жомарт. Ауылын көркейтуден аянған жоқ. Бұл марапат сол қайырымдылықтың қарымтасы іспетті.

Қасым-Жомарт, Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Оның ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі болып отыр. Табысқа жеткен әрбір жан өз ауылына дәл осылай қамқор болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Биыл еңбек адамына екпін берілгенін байқадық. Сый-құрметке, марапатқа қарапайым қызметкерлер көбірек бөленді. Әсіресе, ұстаздар қауымы. Семей қаласының мұғалімі Алма Шүкежанова «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алса, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы Ақмола облысы мектеп-лицей-интернатының мұғалімі Үмітжан Еңсебаеваға берілді.

Үмітжан Еңсебаева, Ақмола облысы «№4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының мұғалімі:

Кез-келген адам Қазақстанның еңбек сіңірген деген марапатын ала бермейді. Бұл менің 35 жылдық еңбегімнің жемісі деп білемін. Еш уақытта мен ойламадым Президенттің қолынан марапат аламын деп. Бұл мен үшін өте жоғары мәртебе.

Ал Мұрат Есенқабылов - ірі жол апатында 5 бала мен 3 әйелді өртеніп жатқан көліктің ішінен аман алып шыққан азамат. Оқиға жазда болған еді. Сол батылдығы еленіп, Президент бүгін кеудесіне «Ерлігі үшін» медалін тақты.

Мұрат Есенқабылов, Түркістан облысының тұрғыны:

Көліктің артқы жағынан өрт шыға бастады. Сол кезде 5 кішкентай бүлдіршінді және 2 әйел азаматын сол өрт болып жатқан жерден қолымнан келгенше алып шығуға тырысып, алып шықтық. Бұл марапатты күткен жоқпын. Бірақ халқыма, еліме рахмет. Осындай кішкентай ғана ерлігімізді марапаттап, одан ары да күш жігер беріп жатқанына рахмет.

Жаңасыл Дүйсенбаев – металлург. 1100 градус ыстықта құрыш құяды, болат балқытады. Теміртау компаниясында 15 жыл еңбек етіп келеді. Жемісін барлық өндіріс саласы көріп отыр. Бүгін өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да материалдық өндіріс салаларының 94 жұмысшысы «Еңбек Даңқы» орденін иеленді.

Жанасыл Дүйсенбаев, металлург:

Біз сұрыптауда арматура шығарамыз. Осы Астананы көркейтіп салып жатқан біздің арматура. Мен марапат алам деп ойлаған жоқпын. Өзім бірінші рет Ақордаға келдім. Патшаның қолынан алған марапатқа сондай қуаныштымын. Өзім де әлі сене алмай тұрмын.

Биыл тұңғыш рет «Ел бірлігі» ордені тағайындалды. Алғашқы марапатты ұлт бірлігін нығайту, қоғамдық татулықты қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткендер иеленді.

Ал ширек ғасырдан соң «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды. Ұлт руханиятын дамытып, рухын көтеруге ықпал етіп жүрген бір топ қаламгер құрметті атаққа ие болды. Арасында қабырғалы жазушы Төлен Әбдік бар.

Төлен Әбдікұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы:

Президент тапсырмасымен «Қазақстанның Халық әртісі» атағы да қайтарылды. Бұрынғыдай театр, кино, музыка және тағы басқа өнер саласының өкілдеріне беріледі.

Еңбегіне қарай – құрметі. Марапатталғандар арасында ұстаздар мен денсаулық сақтау саласының 300-ге жуық қызметкері, ауыл шаруашылығының 259 маманы, 119 еңбек ардагері, өндіріс саласының 88 жұмысшысы бар. Бұл – қарапайым еңбеккерлердің мәртебесін асыруға, қоғамдағы қадірін арттыруға бағытталған қадам болса керек.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу