Бүгін – кітапханашылар күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – кітапханашылар күні

24.10.2023

Бүгін – ең ежелгі мамандық иелерінің бірі – кітапханашылар күні. Адамзаттың дамуын кітапсыз елестету мүмкін емес. 21 ғасыр цифрландыру дәуірі десек те, кітап – сол ұшан теңіз білімнің негізгі қайнары болып қала береді. Баға жетпес байлықты хаттап, сақтап отырған мамандық иесімен Дәуренбек Әбдібек тілдесті.

Дәуренбек Әбдібек,тілші:

Біздің бала кезімізде қазір жұрт күнделікті тұтынатын мынадай компьютер, смартфондар болған жоқ. Сондықтан кітап оқып өстік. Кітапхана – балалардың жиі келетін орны болды. Себебі іші шым-шытырқ оқиғалар мен хикаяттарға толған кітап әлемі, шын мәнінде баға жетпес рухани қазына.

Сәнімгүл Жақсылық болашақ филолог. Биыл төртінші курста оқиды. Кішкене күнінен кітапқұмар болып өскен бойжеткен үшін кітапхана - ең жиі келетін сүйікті орны. Кітапханашы мамандығына да құрметі ерекше.

Сәнімгүл Жақсылық, оқырман:

Кітап – алтын қазына. Кітапхана сол қазынаны сақтайтын алтын сандық. Кітапханашы – кітап пен оқырманның арасын жалғаған алтын көпір. Және ол осы кітаптардың ішіндегі деректің бәрін білетін өте білімді, жан-жақты тұлға деп есептеймін. Және солай сыйлаймын.

Осыдан 17 жыл бұрын қызметін қатардағы кітапханашылықтан бастаған Алматай Нұрмағанбетова да «бұл мамандыққа жасымнан құрметпен қарап, қызығып өстім» дейді. Кейін жұмыс барысында оның өзі ойлағаннан әлдеқайда күрделі, жауапкершілігі мол кәсіп екенін көрді. Бүгінде өлкетану әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі.

Алматай Нұрмағамбетова, кітапханашы:

Оқырман келіп сұраныс жасағанда, ол сұраныс бір кітаптан емес, бірнеше кітаптан тауып берген сайын, ол оқырманымыз өзінің сұрағына жауап алған сайын, өзің сондай бір рахат сезімде боласың. Өйткені ол оқырман осы кітапханадан жәй кеткен жоқ. Өзіне керегін тауып кетті.

Алматай Нұрмағамбетова қызмет ететін облыстық кітапханадағы кітап қоры 500 мыңға жуық. Биыл 3 мыңға тарта жаңа кітаппен толықты. 300-ге жақын кітап сандық жүйеге көшірілген. Жалпы облыста 339 кітапхана бар. Мамандар саны 800-ге жуықтайды. Облыс тұрғындары 830 мыңнан сәл асатынын ескерсек, аймақтағы әрбір мың адамның біреуі осы ежелгі мамандықтың иесі атанған.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу