Елордада егемен еліміздің бірлігін нығайтуға өз үлесін қосып жүрген жандардың еңбегі еленді. Салтанатты марапаттау Астанадағы Достық үйінде өтті. Мемлекеттік және қоғамдық наградаларды Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов табыстады. Бірқатар тұлғалар II дәрежелі «Достық» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» төсбелгілері де табысталды. Наградаларды ассамблея мүшелерімен қатар, жалпыұлттық бірлікті дамытуға атсалысып жүрген қоғам белсенділері де иеленді. Экономика, әлеуметтік сала және мәдениеттегі жеткен жетістіктері үшін марапатталған азаматтар қатарында Ұлттық арна Ақпарат қызметінің тілшісі әрі жүргізушісі Алла Гаврина да болды. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасованың мәліметінше, мәдениетаралық диалогты нығайту мен патриотизмді қалыптастыру үшін қазіргі таңда өскелең ұрпаққа көбірек көңіл бөлу керек.
Айгүл Сәдуақасова, ҚР МАМ Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары:
Соңғы жылдары ассамблея өзінің жұмысын жастарға, жасөспірімдерге бағыттап жатыр. Ерекше балаларға назар аударылды. Жылда мектепке барар кезде көпбалалы отбасыларға мектепке жол деген акция өткізіледі. Көгалдандыру жұмыстарына біздің жастар көп қатысады.
Қаракөз Кенжебаева