Атырауда озық технологияға негізделген зертхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда озық технологияға негізделген зертхана ашылды

23.10.2023

Республика күні қарсаңында, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде озық технологияға негізделген өнеркәсіптік зертхана ашылды. Энергетика саласының қыр-сырын терең меңгертетін оқу кабинеттері, «Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен жабдықталды. Кешенде студенттер өз идеяларын іске асырып, эксперименттер жүргізеді.

Ғылым мен индустрияны ұштастырған заманауи зертхана – өндіріске негізделген инновациялық бастамалардың жүзеге асуына мүмкіндік береді. Бас-аяғы 3 кабинет жабдықталды. Құрылғылармен 25 пәннің арнаулы бағдарламасы оқытылады. Орталық бәсекеге қабілетті мұнайшыларды дайындайды.

Диас Нәсіпқали, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенті:

Осы құрылғылар келгелі өте жақсы болды. Қолайлы. Біздер қазір төртінші курс студенті болғандықтан, осы құрылғылармен емін-еркін жұмыс жасай аламыз. Бітіргеннен кейін, өндірісте жұмысымызды осымен атқара аламыз.

«Өнеркәсіптік энергетика» зертханасында 394 жұмыс атқарылады. Студенттер 380 волтты электр қернеуімен түрлі сынақ өткізеді. Кешен мұнай-газ индустриясының тұрақты дамуына ықпал ететін жаңа технологиялармен біте қайнасып жатыр.

Көңілқош Сүйесінов, «Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары:

Университет түлектері еліміздегі айтулы кәсіпорындарға жұмысқа қабылданып жатыр. Биыл 10 студент Теңіз кенішінен іс-тәжірибеден өтті. Студенттер мұнда теорияны оқып қана қоймай, өндірісте қолданылатын жабдықтарда тәжірибелік дағдыларды игере алады. Осылайша жергілікті кадрлардың әлеуетін арттырамыз.

Теңізшевройл өңірге қажет әлеуметтік жобаларға жыл басынан бері 2,5 млн АҚШ долларын құйған. Игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу