Қарқаралыда туризмді дамыту жобалары қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралыда туризмді дамыту жобалары қолға алынды

23.10.2023

Қарқаралы таулы-орманды өлкесіне жыл өткен сайын демалуға келушілер саны көбейіп келеді. Алайда мұндағы туризм кластерінің баяу дамуынан жұртшылыққа тиісті сервистік қызмет көрсетілмей отыр. Демалыс орындары аз, жолдың сапасы сын көтермейді. Кейбір нысандар тіпті су, жарықпен қамтамассыз етілмеген.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

Соңғы үш аптадағы жауын-шашынды ауа-райына байланысты саңырауқұлақ қаулап өсуде. Таулы өлкеге қазір терімшілер көптеп келіп жатыр. Жалпы жылдағыдан туристер саны 20 пайызға көбейген. Қыркүйек айына дейін 25 мыңнан астам адам келіп осы әсем табиғатты тамашалаған.

Сейіл Тышқанбаев жылда жеміс-жидек, саңырауқұлақ жинайды. Биыл да дәстүр бойынша достарымен келіпті. Жаңбырдың көптігінен болар бұрын-соңды көрінбей кеткен саңырауқұлақ түрлерін көріп көңілдері шат.

Сейіл Тышқанбаев, турист:

Жиі келіп отырамын. Қарқаралының суын, ауасын сағынамыз. Тоғайын аралаймыз. Енді саңырауқұлақты бала кезден жинаймыз. Жақсы көрем өзім.

Қазір өлкеде 37 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Олар бір мезетте 3 мың адамды қабылдай алады. Алайда бұл аз. Көбісінің сервисі жұрт көңілінен шықпайды. Рысты Хамитқызы осыдан екі жыл бұрын тау ішінде қаңырап бос тұрған екі үйді сатып алып кәсібін бастапты. Демалушылар сыймаған соң биыл тағы бірнеше үйді жабдықтапты.

Рысты Хамитқызы, кәсіпкер:

Демалушылар жазда жеміс-жидек жинайды, ал осындай күз мезгілде саңырауқұлақ жинайды. Биыл бір 600-дей адам келді.

Таулы-орманды жердің басым дені Ұлттық табиғат паркіне тиесілі. Жергілікті биліктің мәліметінше туризм бағытында қысқа және ұзақ мерзімге жоспарланған 18 жоба дайын тұр. Дегенмен оларға әзірге жер жалға берілмейді.

Медеу Разақов, «Қарқаралы ұлттық табиғат паркі» ММ бөлім басшысы:

Қысқа және ұзақ мерзімге жерлерді беру мәселесі қазіргі уақытта тоқтап тұр. Өйткені министрлік комитетінің арнайы берген нұсқама хаты бар. 2021 жылдан бастап ешқандай жер берген жоқпыз. Оған дейінгі жерлер бар. 11 қысқа мерзімді, 4 ұзақ мерзімді.

Бұрын демалушылар 12 туристік маршрут бойынша саяхатқа шығатын. Қазір соның 4-і қалыпты. Мамандар оның себебін көпшліктің сұранысына байланысты деп түсіндірді. Алайда насихаты аз. Алтын адам қорымы, ежелгі будда ғибадатханасы, көне металлургиялық мекендер, табиғаты әсем өзге де жерлер жетерлік. Сондай-ақ, инфрақұрылым ақсап тұр. Жол, ауыз су, интернет сапасын жақсарту қажет.

Ерлан Құсайын, Қарқаралы ауданының әкімі:

Республикалық жолды жөндеуді өткен жылы Президент тапсырмасына сәйкес бастадық. Биыл осы Қарағанды-Қарқаралы арасындағы 44 шақырым жол жөнделу үстінде. Келесі жылы бұл жұмыс өзінің жалғасын табатын болады.

Қазір Қарқаралы қаласындағы көне тоған жағалауы абаттандырылып жатыр. Онда кәсіп ашам деуші бәсекелестік ортаға жер телімдері беріледі. Дәл осындай жұмыстар Үлкен көл маңында да жүзеге асырылмақ.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу