Ауыл дәрігерлері Түркияға барып тәжірибе жинап қайтты. Шығыс Қазақстан облысының 13 дәрігері « Medipol» ауруханасында екі апта бойы науқас қабылдап, заманауи емдеу тәсілдерін үйренді.
Ыстамбұлға келген қазақстандық дәрігерлердің барлығы аудан орталықтары мен ауылдарда жұмыс істейтін мамандар. Олардың қатарында хирургтар, балалар дәрігерлері, травматологтар мен гинекологтар бар.
Асылбек Шәріпов, ШҚО Ұлан аудандық ауруханасының дәрігері:
Жаңа заманауи технологиялармен, ота жасау тәсілдерін көрдік. Көп жаңа аппаратарды көрдік. Осында алған тәжірибемізді өз ауданымызға, қазақ халқына медициналық қызмет көрсетеміз деп сенемін.
Түркия тарапы да бұл жобаның өміршең болатынына сенімді. Екі аптада түрік мамандары біздің дәрігерлерге заманауи технологиямен емдеудің қыр-сырын үйретті. Тіпті күрделі операцияларға да қатыстырды.
Орхан Гази Игитбашы, « Medipol» ауруханасының бас дәрігері:
Қазақстан бізге бауырлас, әрі ең жақын елдердің бірі. Сондықтан осында келген дәрігер бауырларымыз бізге бөтен емес. Қазақстанмен медицина саласында көптеген жобалар жасап жатырмыз. Соның бірі – мамандар арасында тәжірибе алмасу. Себебі бір-бірімізден үйренетін көп нәрсе бар. Әсіресе салалық мамандардың біліктілігін арттыру маңызды.
Дәрігерлердің өздері бұл сапардың өте пайдалы, әрі әсерлі болғанын айтады. Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы тұңғыш рет қолға алған бұл жобаның ерекшелігі – дәрігерлердің тек аудан, ауылдардан келуі. Біздің мамандардың келіп кету жолы мен екі апта Ыстамбұлда тұруы тегін. Алдағы уақытта әр облыстың шалғай аудандарындағы дәрігерлерді Түркияның алдыңғы қатарлы ауруханаларына әкеліп, біліктіліктерін арттыру жоспарда.
Айдос Әшімұлы