Бір жылда екінші сапар: Президент Қытайдан Қазақстан үшін тиімді жобалармен оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір жылда екінші сапар: Президент Қытайдан Қазақстан үшін тиімді жобалармен оралды

22.10.2023

«Қытайдан Еуропаға жасалатын құрлықтағы транзиттік тасымалының 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді». Осы аптада Қытай астанасында өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының ІІІ форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай статистиканы жариялады.

Әрі Қазақстан географиялық орналасуына қарай халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуға ынталы екенін жеткізді. Президент Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы Қазақстанның ірі экономикалық жобаларымен ұштасатынын да атап өтіп, осы күнге дейін іске асырылған инфрақұрылымдық жобаларды тізіп шықты.

Айболат Далелхан, Рhd, Л.Гумилев ат. ЕҰУ доценті:

Бастама болғаннан кейін, оған кез келген мемлекеттің өздерінің ішкі бағдарламаларын немесе сыртқы экономикалық жобаларын осы бастаманың аясына енгізіп, оны ұштастырып, үйлестіруге мүмкіндіктері бар. Сондықтан біздің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолы да осы жобаның аясына енгізілген, мұнай құбырлары болсын, салынып жатқан зауыттар болсын, барлығы осы бастаманың аясында.

Осылайша, Президент халықаралық форумға келген 20-дан астам мемлекеттің басшылары мен 130 елдің делегациясына Қазақстанның жетістіктерін таныстырды. Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев осы форумда сөз алған 6 спикердің бірі. Кей сарапашылар Қазақстан Президенті Төраға Си мен Путиннен кейін үшінші болып сөйлегеніне де назар аударады.

Әрі бірлескен фотода да Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай төрағасының жанында тұрғанына мән береді. Бұл ресми Бейжіңнің Астанаға деген көзқарасының көрсеткіші және Қазақстанның «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы рөліне берілген баға деуге болатын шығар?! Халықаралық саясатта, әсіресе, жария дипломатияда әр деталь маңызды емес пе?!

Дипломатия демекші Қытайдың сыртқы саясатында батыс санкцияларының жанама зардабына ұрынбау амалы да ескерілетін сыңайлы. Шамасы Бейжің үшін Уашиңтонмен күрең қабақ болу тиімді болмаса керек.

Содан болар осы форумда Ресей ұсынған «Сібір күші-2» жобасын жүзеге

асыру жайлы құжаттарға тағы да қол қойылмады. Әрине бұл жобаның Қазақстанға тікелей қатысы жоқ. Дегенмен Қытай мен Қазақстанның сыртқы саясатының кей тұстары ұқсайтындай көрінді бізге.

Он жыл бұрын Астанада жарияланған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының форумы бұған дейін 2017 жылғы мамырда және 2019 жылғы сәуірде ұйымдастырылған еді. Биылғысы – халықаралық геоэкономикалық саясаттағы тұрақсыздық кезінде өтіп отыр. Сондықтан форумға «Белдеу мен жол: ортақ даму мен гүлдену үшін бірігу» деген айдар тағылған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бұл жоба әлем экономикасының жылдам құбылып тұрған жағдайында қазіргі заманның аса күрделі сын-қатерлеріне тиімді төтеп бере алатын және мемлекеттеріміз үшін жалпыға ортақ игілікке айналды» деуі де бекер емес.

Себебі Қытайдың жаһандық бастамасы қазіргі геосаяси жағдайда ықтымақтастық үшін пәрменді платформаға айналғанын көріп отырмыз. Төраға Си де өз елінің әлеуетіне сенімді.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:

Ресми халықаралық форумда Си мырза «Қытайда бәрі жақсы болса, әлемде бәрі жақсы болады» деген сөз айтып тұр. Яғни әлемді жетектеп жүре алатын ойыншы ретінде өзін көргісі келетін ресми сигналдардың бар екенін көрсетеді.

Мемлекет басшысының Бейжіңге сапарының мақсаты форумға қатысу болғанымен, Қытай билігіндегі ықпалды тұлғалармен және бизнес өкілдерімен келіссөз жүргізіп те үлгерді. Алғашқы кездесу Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен өтті. Онда Төраға Си Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын толықтай қолдайтынын кезекті рет мәлімдеді. Әрі «Халықаралық жағдай қалай құбылса да, Қытай мен Қазақстан бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі» деді. Қытай өзінің Батыс шекарасы тыныш болуына мүдделі. Ал Қазақстан үшін ел қауіпсіздігіне ірі державалардың кепіл болғаны артық болмайды. Дегенмен хакім Абайдың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап»,-дегені де жадымыздан шықпайды.

Айболат Далелхан, Рhd, Л.Гумилев ат. ЕҰУ доценті:

Екі сапар барысында бір жыл ішінде болған, айналдырған бес ай ішінде, біз 40 млрд-қа жуық инвестициялық келісімдерге қол қойдық. Ал егер Қазақстанда ертеңгі күні қандай да бір саяси-әскери тұрақсыздық пайда болса, Қытайдың бұл инвестициясы құмға құйған сумен бірдей, жұтылып жоқ болып кетеді. Ол Қытайға тиімді ме? Әрине, тиімді емес!

Президент елге қайтар жолда Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжі қаласына да соқты. Этникалық қазақтар көп шоғырланған Шыңжаң өлкесіне Мемлекет басшысы бұрын-соңды бармаған. Сондықтан Үрімжіге сапар тарихи оқиға ретінде бағаланды. Ал осы аймақтың басшысы Ма Синжуй жарты жыл бұрын, яғни наурыз айында Астанаға келіп-кеткені есте. Жаңа теміржол желісін салғалы жатқан Қазақстан үшін Қытайдың жекелеген аймағымен қарым-қатынасты нығайта түсу маңызды.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:

Біздің негізгі сауда әріптесіміз сол көрші аудан, ШҰАА. Сол жермен біз өте көп экономикалық байланыс жасаймыз. Яғни бізден шығатын теміржол да сол жерде тоқтайды, сол жерден ары қарай кетеді. Қытайдан бізге келетін тауарлар да сол аудан арқылы Қазақстанға кіреді. Сондықтан географиялық тұрғыдан өте ұтымды өткел бізге.

Қазақстанның шекаралас төрт облысы мен Шыңжаң өлкесі арасындағы байланыс қазір де тығыз. Қазақстанның Қытаймен сауда-саттығының жалпы көлемінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының үлесі 40 пайыздан асады. Ал биылғы жарты жылда тауар айналымы 87 пайыз өсіп, 8 жарым миллиард долларға жеткен.

Президенттің Қытайға екі күндік ресми сапарындағы басқа да месседждер Данияр Қайыртайдың материалында.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент соңғы бір айда АҚШ-қа, ЕуроОдақтың бас ойыншысының бірі – Германияға және Ресейге жасаған сапарларынан кейін Қытайға келді. Биылдыққа екінші рет. Тура бес ай бұрын мемлекеттік сапармен Сиань қаласында болған еді. Енді – ресми сапар Бейжіңде. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Қытай Төрағасымен келіссөз жүргізді.

Халық жиналысы үйінің Үлкен шығыс залына делегацияларын бастап барған екі ел басшысы «жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестік» деп сипатталатын қазақ-қытай қарым-қатынасының дамуын жоғары бағалады.

Екі елдің дипломатиялық байланысы Қазақстан президентінің 4 жыл бұрынғы Қытайға жасаған мемлекеттік сапарынан соң осындай деңгейге көтерілгені есте.

Ал былтыр қыркүйекте Қытай төрағасы Астанаға келгенде тараптар «елдер арасында ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталғанын» мәлімдеген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттықта айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады.

Мемлекет басшысы осы қарым-қатынасты мүлде жаңа деңгейге көтеруге екі елдің де зор әлеуеті барын айтты. Осы мүмкіндікті пысықтау үшін Қытай төрағасын ендігі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Ал Си Цзиньпин Қытай Қазақстанда қол алынған ауқымды реформаларды қолдайтынын айтты.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынасы екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді.

Келіссөзден кейін тараптар мемлекетаралық 5 құжатқа қол қойды.

Соның екеуі Транскаспий дәлізін дамытуға қатысты келісім. Геосаяси ахуал ушыққалы бұл бағдардың маңызы артқан. Үкіметтер осы дәліз арқылы Қытайдан Еуропаға тасымалданатын контейнерлік пойыздардың жылдық қуатын 5 есе ұлғайту жөнінде уағдаласты. Сосын жаңа теміржол желісін салу бойынша меморандумға қол қойылды.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Онда тек қана теміржол өтпесін ғана салу емес, соның маңайында тиісті терминалдық өткел салу және Қазақстанның Аягөз қаласынан Тачэнге дейін теміржол желісін салу мәселесі қарастырылған.

Жаңа теміржол 2025 жылы іске қосылады. Сонда елдер арасындағы жылдық жүк тасымалдау көрсеткіші 20 млн тоннаға ұлғаяды. Ал қазір Қазақстан мен Қытай арасында екі теміржол өтпесі бар. Олардың жылдық өткізу қуаты – 28 млн тонна.

Данияр Қайыртай, тілші:

Президент Қ.Тоқаев Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуден кейін мемлекетаралық келісімдерге қол қойған. Енді екі елдің компаниялары арасындағы мынадай коммерциялық құжаттарға қол қою рәсіміне қатысады.

Ал оған дейін қытайлық 4 ірі компанияның басшысымен кездесіп алды. Мәселен, SINOPEC компаниясының төрағасы ендігі жылы Атырауда құрылысы басталатын полиэтилен өндіретін зауытқа инвестор ретінде қосылатынын айтты. Мұнай-газ химиясына жататын мұндай ауқымды жоба Қазақстанда бұрын-соңды болмаған. Ол, тіпті, әлемдегі ірі екі зауыттың біріне айналмақ. Үш ел бірлесіп салатын жобаның жалпы құны 7 жарым миллиард доллардан асады.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК басқарма төрағасы:

Екінші қол қойылған құжат – полиэтилентерефталат шығаратын зауыт. Жалпақ тілмен айтқанда пластик бөтелке, синтепон және синтетикалық жіптер.

CITIC Group компаниясының басқарма төрағасымен Ақтаудағы Caspi Bitum зауытын кеңейту туралы келіссөз жүріп, кейін құжат бекітілді.

Ал әлемдегі теміржол транспортының ең ірі өндірушісі саналатын СRRC компаниясының атқарушы директорымен келіссөзде 1 жарым млрд долларға 200 тепловоз сатып алу туралы уағда жасалды. Ол құжатта инжиниринг және сервистік қызмет көрсету орталықтарын ашу да қарастырылған. Теміржол саласындағы келісім мұнымен шектелмейді.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы

ҚТЖ мен Ляньюнган халықаралық порты бар, Қазақстанға бұл портты ресми пайдалануға берген. Яғни Қазақстан тек қана тұтынушы, өткізуші емес транспортты, Ляньюнган порты арқылы өз тауарларын әлемдік теңіз нарығына шығаруға мүмкіншілік алып отыр. Бұл да келісімшарттардың ішіндегі маңыздылары деп айтар едім.

Жібек жолының әуедегі дәлізін дамыту да қолға алынбақ. Қазірдің өзінде Қазақстан аспаны арқылы өтетін ұшақтар саны 90 пайыз өскен. Енді олар біздің әуежайларда аялдауы да мүмкін.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

«Әуе Жібек жолы» дәлізі деген жаңа бір үлкен бағдарлама басталып жатыр. Бірінші, техникалық аялдама жасайды. Содан кейін жанармай ауыстырады. Сосын соның қасында біз Қазақстанда жиналған бір жүктерді алып кетеді, соның айналасында жаңа бір бизнес, жаңа бір сервис қалыптасатын болады.

Электронды коммерция мен логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері курьерлік компанияның басшысымен талқыланды. Ол компания Орталық Азиядағы бас кеңсесін Қазақстанда ашуды жоспарлап отыр.

Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы:

YTO компаниясы тарапынан инвестиция жасайды. Яғни Қазақстанды ОА-ның логистикалық хабына айналдырғысы келеді. Яғни бұл үлкен қоймаларды жасау, фулл центрлер дейміз.

Қол қойылған коммерциялық құжаттардың жалпы саны – 30, ал құны – 16 жарым млрд доллардан асады.

Данияр Қайыртай, тілші:

Ұлы Қытай қорғаны – аспан асты елінің ең үлкен архитектуралық ескерткіші ғана емес, осы елдің символы да. Осыдан он жыл бұрын жарияланған «Бір белдеу, бір жол» мегажобасы да ұлы құрылысқа айналуды көздейді. Осы жобаға қатысушы елдер басшылары биыл үшінші мәрте бас қосып отыр.

Форумға 20 шақты мемлекеттің басшылары келсе де, бірен-саранына ғана сөз берілді. Қазақстан Президенті үшінші болып сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Бір белдеу, бір жол» Ұлы Жібек жолы ренессансына тың серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Сондықтан Қытайдың бұл бастамасы – ХХІ ғасырдың мегажобасы.

Ушыққан геосаяси жағдайда да «Бір белдеу, бір жол» жобасы халықаралық ынтымақтастық үшін пәрменді платформаға айнала алды, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жобаға қатысушы мемлекеттердің бастамалары арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржолдар желісі, жоғары жылдамдықты күре жолдар және теңіз жолдары арқылы байланыс жасап отыр.

Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның осы жобадағы рөлі ерекше. Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын мемлекет ретінде Қазақстан халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық торапқа айналуды көздейді деді Президент. Бұған Қытай да мүдделі.

Айболат Далелхан, Phd, Л.Гумилев ат. ЕҰУ доценті:

«Белдеу және жол» бастамасы екі үлкен тармақ: біреуі Жібек жолының экономикалық белдігі, екіншісі – теңіз жібек жолы деген. Енді осы құрлық арқылы өтетін Жібек жолының негізгі артериясы Қазақстан арқылы өтіп отыр. Оны ары қарай кеңейту, мүмкіндігін арттыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әрине, Қытай үшін күн тәртібіндегі сұрақ.

Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұған елдегі көлік-логистикалық инфрақұрылым лайықталып жасалған. Осы саланы дамытуға кейінгі 15 жылдың өзінде 35 млрд доллар жұмсалыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол желісін саламыз. Қытаймен шекарада үшінші пойыз өткізу пункті ашылады. Әрі «Бақты» және «Қалжат» атты жаңа құрғақ порттардың құрылысы жүреді. Қазақстанның осындай экономикалық жобалары Қытайдың жаһандық бастамасымен ұштасады.

Президент Транскаспий халықаралық көлік бағдарының айрықша рөліне де тоқталды. Бұл дәліз Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады деді.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚазҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:

Бұрын Батыс пен Шығыстың арасын байланыстыратын негізгі дәліз – Солтүстік дәліз болатын, Ресей арқылы өтетін. Қазір ол жердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілмегендіктен, Транскаспий дәлізі мен Оңтүстік дәлізі деп айтады, Иран арқылы Чабахар порттарына шығатын дәліздер туралы айтыла бастады.

Тұрсынхан Зәкен, Л.Гумилев ат. ЕҰУ Шығыстану кафедрасының профессоры:

Егер Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Монако бұғазы алда-жалда бір қауіп-қатерге ұшырап қалса, Қытай үшін жабылып қалса, Қытайдың батыспен қарым-қатынас жасайтын бірден-бір дәлізі осы Қазақстан, ОА арқылы болады.

Ал Қытай төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде «Бір белдеу, бір жол» жобасын дамытуға қатысты сегіз бастама көтерді. Әрі халықаралық ынтымақтастықта белең алған құбылыстарға қатысты пікір білдірді.

Си Цзиньпин, ҚХР төрағасы:

Идеологиялық конфронтация, геосаяси бәсеке және блоктарға бөлінушілікті құптамаймыз. Біз біржақты санкцияларға, экономикалық қысым мен алалауға әрі тасымал желісін үзуге де қарсымыз.

Қазақстанның да позициясы осыған саяды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық мінберлерден бірнеше рет осы сарында сөйлегені белгілі. Әлемдік саясаттағы ірі ойыншалар арасындағы текетірестерде ешқайсын жақтамайтынымыз да осыған дәлел. Бір ай ішіндегі сапарлар сол акторлар арасында теңгерім ұстау үшін де жасалғанға ұқсайды.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу