Биыл Сыр диқандары 90 мың гектар күріш алқабынан 500 мың тонна өнім жинады. Қамбаны дәнге толтырып, елдің ырысын тасытқан шаруалар межелі жоспарды артығымен орындады. Егін маусымын жемісті аяқтаған қарапайым еңбек адамдары облыстық «Алтын дән» мерекесінде сый-құрметке бөленіп, марапат төрінен көрінді.
Ала жаздай кетпенін арқалап, егіс алқабында тер төккен диқандар қауымы алтын күзге ауыз толтырып, айтарлықтай жетістікпен жетті. Аяқ су тапшылығына қарамастан, биыл өңірде 193 мың гектар жерге дәнді дақыл егіліп, шаруалар суды үнемді пайдаланудың арқасында мол өнімге кенелді. Бұл ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолдаудың нәтижесі.
Нұрлыбек Нәлібаев, Облыс әкімі:
Жыл ішінде салаға 14 млрд қаржылай қолдау жасалды. Оның 4,7 млрд теңгесі егін шаруашылығы саласын субсидиялауға бағытталды. Биылғы жылы әдеттегідей су тапшылығы қатты сезілген жыл болды. Соған қарамастан Сыр диқандары ерен еңбектің үлгісін көрсете білді.
Аймақ диқандары орташа есеппен әр гектарынан 56,5 центнерден күріш дақылын жинады. Ал бау-бақша мен көкөністен 493 мың тонна өнім алынды.
Әділбек Серікұлы, тілші:
Егін маусымын толағай табыспен аяқтаған Сыр күрішшілерінің еңбегі елеусіз қалмады. Әр гектарынан жоғары өнім алып, ауыл шаруашылығы саласында озат атанған еңбеккерлерге су жаңа 17 автокөлік табысталды.
Әділжан Күлекей, диқан:
Егін шаруашылығымен айналысып жатқаныма қазір 20 жылдан асты. Өндірістік бригадир болып жұмыс істеп жатқаныма. Бүгін мына еңбегімізді бағалап, компаниямыз автокөлік мінгізіп жатыр. Рақмет.
Ауыл шаруашылығын айрықша түлеткен жаңақорғандықтар «Үздік аудан» атанды. Ал егін егуде Шиелі ауданы озат шықты. Мал өсіріп, төрт түлік санын арттырған аралдықтар да құрмет төрінен көрінсе, ауыл өнімдерін өңдеуде қазалылықтар алға озды.
Әділбек Серікұлы