Байзақтағы жарылыс: Екі сарбазға 9 жыл жаза кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Байзақтағы жарылыс: Екі сарбазға 9 жыл жаза кесілді

20.10.2023

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жойқын жарылысқа қатысты сот үкім шықты. Отырыс Шымкент әскери гарнизонының сотында өтті. Судья әскери мүлікті қасақана жойды және бүлдірді деген айыппен 2 сарбазды бас бостандығынан айырды. Қару-жарақ қоймасында болған жарылысқа байланысты 6 азаматқа кінә тағылған еді. Оның төртеуі офицер. Олардың арасында әскери бөлім командирі мен орынбасары және қойма басшысы бар. Жоғары шенді әскерилерге қауіпсіздік ережесін бұзды және өз ісіне салғырт қарады деген айыптаулармен іс қозғалған. Алайда сот айғақтар дәлелін таппағынын алға тартып, оларды түгелдей қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Ал 2 сарбазды 9 жылға түрмеге қамауға үкім шығарды

Бөрлібай Қайыпов, Шымкент әскери гарнизоны сотының судьясы:

Сіз өзіңіз бәрін мойындадыңыз. Кейін эксперимент жүрген кезде одан бас тарттыңыз. Куәлар айтты. Эксперимент жасадық. Сарапшылар бар. Сол бойынша кінәлі деп тауып, 9 жыл тағайындадым.

Естеріңізге сала кетсек, 2021 жылдың 26 тамыз күні Байзақ ауданы аумағында болған жарылыстан 93 азамат жарақат алып, 18 адам көз жұмды. Жергілікті биліктің мәліметінше, апат кезінде 106 тұрғын үй мен 12 коммерциялық нысан және 3 мектеп бүлініп, қираған. Айта кетейік, сот кінәлі деп танылған адамдардан 25 млрд теңге өндіру туралы қорғаныс министрілігінің талабын мақұлдады. Ал бас бостандығынан айырылған екі азаматтың жасы 22-де. Әскери борышын өтеп жүрген олардың қару-жарақ қоймасына қасақана от қойғаны дәлелін тапқан дейді сот. Алайда олардың қорғаушылары мұндай үкіммен келіспейді.

Сағадат Әміре, сотталушылардың адвокаты:

Сот қазір үкім оқып жатқанда қолын сұғып ішке тастап, қоймада тұрған жәшіктің үстіне жанған мата түсті деп отыр. Оның бәрі бұрмалаушылық.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу