Егемендік декларациясы – Тәуелсіздік бастауы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егемендік декларациясы – Тәуелсіздік бастауы

19.10.2023

«Жиналғандар қызылкеңірдек болып, алты сағат талқыға салды. 85 депутат алуан түрлі сұрақ қойып, мәтінге орынды-орынсыз өзгертулер енгізуге тырысты». Зиялы қауым өкілдері декларацияны қабылдау кезеңіндегі естеліктерімен бөлісті. Алматыда Республика күні қарсаңында осы тақырыпқа арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп, Жоғарғы кеңестің депутаттары, тарихшылар мен ғалымдар жиналған жастарға тағдыршешті құжаттың маңыздылығы туралы айтты.

2009 жылы Парламент бірқатар конституциялық заңдарды түзетті. Өзгерген құжаттардың арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелер туралы заңы да бар. Президент жарлығымен сол жылы 25 қазан – мемлекеттік мереке мәртебесінен айырылды. Бірақ айтулы дата араға 13 жыл салып қайта жаңғырды.

Георгий Кан, Тарих ғылымдарының докторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күні қайта тойлана бастады. Тарихқа үңілсек, 1988 жылы Алашорда ақталды, 1989 жылы Тіл туралы заң қабылданды. 1990 жылы 25 қазан тағдыршешті құжат, декларация қабылданды. Бұл ел тарихында тасқа қашалған оқиға ретінде қалуы тиіс.

Декларацияда елдің территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен демократиялық зайырлы бағдары және мемлекеттік рәміздері бекітілді. Алматы қаласы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен өткен жиында зиялы қауым өкілдері декларациялық құжат арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – қазіргі Қазақстанның негізі қаланғанын тілге тиек етті.

Оразалы Сәбден, Мемлекет және қоғам қайраткері:

Басқа мемлекеттер егемендік алған. Олардың декларациясын қарады, әлем декларациясын қарады. Сөйтіп бәрін жинақтады. Осының бәрін жинақтап, академик Зиманов, Жоғарғы Кеңестің 360 депутаты отыр. Зиманов 6 сағат тұрып сол декларацияны қорғады. 6 сағат сұрақ берді.

360 депутаттың ішінен қарсы дауыс бергендер болды. Соған қарамастан 1990 жылдың 25 қазанында 18 сағат 55 минутта Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Сең қозғалды. Зиялы қауым конференцияға қатысқан жастарды тарихтан қол үзбей, болашаққа нық қадам жасауға шақырды.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу