Астанада шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды

19.10.2023

Елордада мектеп оқушылары арасында өткен шығармалар байқауының жеңімпаздары анықталды. Мектеп және медиасауаттылық жобасының аясында өткен сайысқа 200-ге жуық мектептен 230-дан аса оқушы қатысқан. Бүгін оның ішінен тек 10-ы іріктеліп, оқушылар сарайында салтанатты түрде марапатталды.

«Ел жүрегі - Елорда» байқауына қаланың әртүрлі мектептерінен 7 мен 11 сынып оқушылары қатысуға өтініш білдірген. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндағы мақсат медиа сауаттылықты қалыптастыру, жас журналистердің қабілетін ашу дейді.

Олжас Сыдықбек, «Elorda Aqparat» медиа холдингінің басшысы:

Комиссияға біз бас редакторларды, кәсіби журналистерді жасақтадық. Солар қарады жұмыстарын. Комиссия жиырмадан аса оқушының жұмысын жүлдеге лайық деп таныды. Оның ішінен 10 адамды іріктеді.

Байқау талабы бір. Қатысушы Астана жайлы ой-толғамдарын қағаз бетіне түсіріп, мазмұны мен стилі сай шығарма жазып шығуы керек. Үздік деп танылған қатысушыға балалар лагеріне жолдама берілді. Екінші, үшінші орынға планшет, смартфондар табысталды.

Ақерке Кәзімова, оқушы:

Астананың бізге берген мүмкіндіктері туралы жазған болатынбыз. Елордаға көшіп келгелі бері қандай жетістіктерге жеттім, болашақ мамандық таңдауға әсер еткені туралы жаздым. Сол себепті нақты факторлар келтіргенім үшін ондыққа іліндім деп ойлаймын.

Айта кетейік, шара Республика күніне орай алғаш рет өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар үздік деп танылғандар арнайы орталыққа шақыртылып, білімі мен қабілетін шыңдай алады деп отыр.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу